Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Солтүстік Қазақстан облысында туристерге қолайлы қандай демалыс орындары да бар

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы тек Петропавл қаласымен ғана шектелмейді. Өңірде тарихи-мәдени мұралармен қатар, табиғаты көркем, туристерге қолайлы демалыс орындары да бар. Jibek Joly телеарнасының «Таза қала» бағдарламасы бұл жолы Солтүстік Қазақстанның туристік әлеуетін зерттеп, ежелгі өркениет іздері қалған тарихи орындар мен көркем көлдерді аралап көрді. Бағдарламада өңірдегі туризмнің қазіргі тынысы мен туристерге жасалған жағдай да бағаланды.

а
Фото: видеодан алынған скрин

Абылай хан дәуіріне саяхат: Петропавлдағы тарихи резиденция

Солтүстік Қазақстан десе, көпшілік ең алдымен ну орман мен көрікті көлдерді елестетеді. Алайда өңірдің туристік әлеуеті табиғатпен ғана шектелмейді. Мұнда қазақ тарихында айрықша орны бар қасиетті мекендер мен тарихи тұлғалардың ізі қалған нысандар да аз емес. Бір жағында үш жүздің басын қосқан Абылай ханның ізі қалған қасиетті мекендер болса, екінші жағында әлемге жылқыны алғаш қолға үйреткен Ботай мәдениетінің сүрлеуі бар.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Петропавл қаласында орналасқан Абылай хан резиденциясы бір кездері хан ордасының құрылымында болған нысандардан тұрады. Мұнда қонақүй, кеңсе, монша, құдық пен шошала орналасқан. Бүгінде олардың орнында музей экспозициялары жасақталып, келушілерге XVIII ғасырдағы қазақ қоғамының тыныс-тіршілігі туралы мағлұмат береді.

Экскурсия жүргізушісі Айғаным Мәкенованың айтуынша, резиденциядағы негізгі экспозициялардың бірі Абылай ханның өмірі мен қызметіне арналған. Мұнда ханның өмір жолы, тарихи кезеңі және қазақ мемлекеттілігін нығайтудағы рөлі туралы ақпарат ұсынылған.

Музейде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің макеті де қойылған. Себебі Абылай хан Түркістан қаласында дүниеге келіп, 1781 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Мұнда келушілер XVIII ғасырдағы қазақ хандығының тарихымен танысып қана қоймай, сол кезеңнің атмосферасын сезіне алады. Экспозиция залдары тарихи құжаттармен, қару-жарақ үлгілерімен, тұрмыстық бұйымдармен толықтырылған. Мұндағы барлық жағдай келушілерге қолайлы әрі тарихи мұраны жан-жақты таныстыруға бағытталған.

– Замандастарының айтуынша, Абылай хан орта бойлы, күшті болған. Ол жеті тіл меңгерген, оның ішінде қытай тілі де бар, – дейді Айғаным Мәкенова.

Резиденциядағы экскурсиялар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Балаларға арналған интерактивті сабақтар мен Абылай ханның өмірі мен дәуіріне арналған танымдық бағдарламалар да ұйымдастырылады.

Ботай – әлемдік археологиядағы бірегей ескерткіш

Ботай мәдениетіне және көне қоныстың тарихына қызығушылық танытқан жандар аз емес. Өткен ғасырдың 1970 жылдарынан бастап Ботай қонысына қатысты алғашқы ғылыми деректер жарияланып, археологиялық зерттеулер жүргізілді. Ал қазір алыс-жақыннан келген саяхатшылар Айыртау бағытымен ат басын бұрып, ежелгі өркениеттің ізін көруге мүмкіндік алып отыр.

Ботай – әлемдік археология үшін маңызы зор тарихи ескерткіштердің бірі. Бүгінде көне қоныс ежелгі дәуірдің тыныс-тіршілігін танытатын туристік орынға айналып келеді. Мұнда Ботай тұрғындарының баспаналары қайта жаңғыртылып, келушілерге сол дәуірдің тұрмысын көзбен көруге мүмкіндік жасалған.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Республикалық Ботай музей-қорығының директоры Сәбина Кәрімованың айтуынша, экспозициялар туристердің қызығушылығын арттыру мақсатында жасақталған.

– Кез келген тарихи нысанға келген туристің назарын аударатын дүние болуы керек. Белгілі бір дәуірге еніп, сол кезеңді көзбен көріп қана қоймай, оның рухын сезіну маңызды. Сондықтан Ботайдағы экспозициялар арқылы келушілерді ежелгі дәуірдің атмосферасына енгізуге тырысамыз. Қазір музейге келетін туристер қарасы өте көп, – дейді музей директоры.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Мұнда көне баспаналардың үлгілері қалпына келтіріліп, Ботай мәдениетінің тарихы заманауи тәсілдермен таныстырылады. Туристерге арналған ақпараттық тақтайшалар орнатылып, тарихи аумақты қорғау талаптары түсіндіріледі. Экскурсиялар келушілердің жасына, қызығушылығына және тарихи білім деңгейіне қарай бейімделеді.

– Ақпаратты қабылдау деңгейіне қарай ұсынамыз. Балаларға ғылыми терминдерді қолданбай, барынша қарапайым тілмен түсіндіреміз. Ал археология немесе тарих мамандығында оқитын студенттерге материалды ғылыми тұрғыда тереңірек береміз. Қарапайым туристер үшін тарихты қызықты әрі тартымды етіп жеткізуге тырысамыз. Әсіресе аңыздар келушілердің қызығушылығын оятады. Сондықтан Виктор Федоровичтің жазбаларына сүйене отырып, тарихи әңгімелер мен аңыздарды да экскурсия бағдарламасына енгіздік, – дейді С.Кәрімова.

Шалқар көліндегі қоқыс

Солтүстік Қазақстан облысындағы Шалқар көлі – табиғаты көркем демалыс орындарының бірі саналады. Ну орманмен көмкерілген көл жағасында демалушыларға арналған нысандар мен түрлі қызмет түрлері бар. Алайда туристік әлеуеті жоғары аймақта тазалық мәселесі әлі де өзекті болып отыр.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Шалқарға келген туристер үшін демалыс орындары жетерлік. Жағалауда қонуға арналған үйлер, тамақтану орындары, балалар ойын алаңдары мен белсенді демалысқа арналған қызметтер қарастырылған. Дегенмен жергілікті тұрғындар туристер саны айтарлықтай көп еместігін, шетелдік туристер тіпті сирек екенін айтуда.

Тағы бір тұрғын көл маңында қажетті инфрақұрылымның жеткіліксіз екенін айтты.

Көл жағалауындағы тағы бір мәселе – тұрмыстық қалдықтар. Кіші Айыртау көлінің маңындағы ұлттық паркте демалушылар от жағып, ас әзірлеп, қоқысын жинамай кеткені байқалады. Табиғат аясында шашылып жатқан пластик ыдыстар, тамақ қалдықтары мен басқа да тұрмыстық қоқыс көрікті жағалаудың ажарын бұзып тұр.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Осылайша, Шалқардың табиғаты көз тартқанымен, көл жағасындағы көріністің бәрі бірдей көңіл қуантпайды. Суы мөлдір, табиғаты көркем, бірақ айналасы қоқысқа толы орынға барар ма едіңіз?

СҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмриннің айтуынша, өңірде жағалауларды тазартуға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізіледі.

– «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан тұрғындарының қатысуымен сенбіліктер мен түрлі акциялар ұйымдастырылады. Туризм үшін тартымды көлдердің барлығы қамтылады. «Таза жағалау» сияқты акциялар да тұрақты өткізіліп келеді. Дегенмен, ең алдымен туристердің өзінен бастап тазалық мәдениетін қалыптастыруымыз қажет, – деді ол.

Оның айтуынша, өңірдегі туризм жылдан-жылға дамып келеді. Көптеген турист ұлттық парк аумағында тазалық сақтауға өз үлесін қосып, артынан қоқыс қалдырмауға тырысады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы билік пен Экология министрлігіне қарасты ұлттық парк абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.

Қараусыз қалған балалар лагері

Шалқар көлінің көркі мен туристік әлеуеті туралы көп айтылады. Алайда дәл осы жағалауда көңілге қаяу түсіретін көріністер де кездеседі. Соның бірі – кезінде мыңдаған баланың жазғы демалысын қызықты еткен «Заря» балалар лагері. Бір кездері шат күлкі мен қызыққа толы болған бұл жерде бүгінде үнсіздік орнаған. Терезелері сынған, қабырғалары қираған, шатыры опырылған ғимараттар уақыттың ғана емес, жауапсыздықтың да ізі қалғанын аңғартады. Ауласы арамшөпке толып, айналасы күтімсіз қалған. Жағалауда кезінде орнатылған ойын алаңдары мен аттракциондардың да тозығы жеткен. Кейбір әткеншектер тот басып, сырғанақтар бүлінген.

ы
Фото: видеодан алынған скрин

СҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмриннің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар лагерьді қайта жандандыру мәселесін қарастырып жатыр.

– Біз «Заря» балалар лагерінің кімге тиесілі екенін білеміз. Қазір лагерьді қайта қалпына келтіру немесе инвесторға беру мәселесі бойынша иесімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Негізі, бұл жер балалар туризмі үшін өте қолайлы. Кеңес заманынан бері осы көлде балалар туризмі дамып келген. Себебі көлдің суы жылы әрі терең емес. Қазір осы балалар лагері бойынша да жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді Дархан Әмрин.

Оның айтуынша, өңір үшін балалар туризмін жыл бойы дамыту маңызды. Қазір «Заря» лагеріне апаратын жолдың құрылысы жүргізіліп, асфальт төселіп жатыр. Сонымен қатар балалар лагерлеріне дейін баратын жаңа жолдың жобасы әзірленген.

– Енді нысан иесімен сөйлесіп, лагерді не қайта қалпына келтіруін, не инвесторға беруін қарастырамыз. Осы бағыттағы жұмысты жалғастырып жатырмыз, – деді басқарма басшысы.

Имантауда желкенді спорт дамып келеді

Айыртау өңірінің тағы бір інжу-маржаны – Имантау туризмі дамыған бес ауданның бірі саналады. Қарағайлы орманның арасында орналасқан көл жағасында киіз үй және ағаштан жасалған күмбезді үйлерден тұратын глэмпинг ұйымдастырылған.

Демалыс орнында қонақтарға жайлы коттедждер, жағажай және белсенді демалыс түрлері ұсынылады. Күмбезді үйлерде ас әзірлеуге қажетті ыдыс-аяқ, газ бен су қарастырылған. Суық күндері пеш жағуға мүмкіндік бар. Демалыс орнының аумағында сақ моншалары жұмыс істейді.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Имантаудың туристік орындары мұнымен шектелмейді. Көлдің ортасында саяхатшылар қызығушылық танытатын арал бар. Аралдан көл мен оны қоршаған табиғаттың көрінісін тамашалауға болады.

Имантауда соңғы жылдары желкенді қайық спорты да дамып келеді. Арнайы клуб жергілікті тұрғындар мен туристерге желкенді қайықты меңгеруге мүмкіндік береді. СҚО Желкенді спорт федерациясының басшысы Жанат Омаровтың айтуынша, Имантауда яхтинг, круиздік және спорттық туризм бағыттары дамып келеді.

– Мұнда туризмнің бірнеше бағыты бар: яхтинг, круиздік және спорттық туризм. Бізде сапалы кемелер бар. Олардың ішінде неміс және америкалық қайықтар кездеседі. Ең бастысы, мұндай қайықтар Қазақстанда бірегей, яғни елімізде жалғыз, – деді Жанат Омаров.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Желкенді спорт клубының жұмысы жеті жыл бұрын басталған. Осы аралықта жүздеген адам желкенді қайық спортына қызығушылық танытқан. Қатысушылар қайық басқаруды үйреніп қана қоймай, бірнеше күн бойы табиғат аясында тәжірибе жинақтайды. Жыл сайын ұйымдастырылатын желкенді регата да Имантау көліндегі туризмнің бір бағытына айналып отыр.

Туризм бар, жол жоқ

Имантаудың табиғаты туристерді қызықтырғанымен, демалыс орындарына апаратын жолдардың жағдайы көңіл көншітпейді. Көл маңындағы демалыс орындарының бір бөлігіне жету үшін жүздеген метр жолдың өзі қиындық туғызады. Туристер көлігі шаңды, ойлы-қырлы жолмен жүруге мәжбүр.

Ауыл тұрғындары да жол мәселесін жиі көтереді. Имантау маңында 50-ге жуық демалыс орны бар десек, олардың басым бөлігіне апаратын жолдардың жағдайы мәз емес. Туризмді дамыту үшін инфрақұрылымның, соның ішінде жолдың сапасы маңызды болғанымен, бұл бағытта әлі де шешімін күткен мәселе бар.

ы
Фото: видеодан алынған скрин

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин Имантаудағы жолдарды жөндеу алдағы жоспарларға енгізілгенін айтты.

– Облыстық және республикалық бюджеттен асфальт төсеуге қаржы бөлу жоспарланып отыр. Дегенмен бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуы керек. Барлық жолды бірден асфальттау мүмкін емес. Сондықтан тұрғындар да бұл мәселені түсініп отыр. Әсіресе Имантау тұрғындарына облыс басшылығы мен аудан әкімі есептік кездесулер өткізіп, жол мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін айтып келеді. Алдағы уақытта жолдар рет-ретімен жөнделіп, қалыпқа келтіріледі, – деді ол.

Ауылдағы жағдайды жергілікті тұрғындардың өзі де сынға алады. Кейбірінің айтуынша, демалыс орындарындағы баға жергілікті халық үшін қымбат. Сондықтан олар абаттандырылмаған жағажайларды таңдауға мәжбүр.

ы
Фото: видеодан алынған скрин

Имантау ауылының өзінде туристерге арналған қосымша қызмет түрлері де көп емес. Сауда орындары, қоғамдық тамақтану орындары мен демалысқа қажетті инфрақұрылым жеткілікті деңгейде дамымаған. Ауылдың кей жерлерінде абаттандыру мәселесі де байқалады.

Сарапшылар бағасы

Бағдарлама қорытындысында сарапшылар Солтүстік Қазақстан облысының туристік әлеуетіне баға беріп, саланың дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелерге назар аударды. Мамандар өңірдің табиғи мүмкіндігі жоғары болғанымен, инфрақұрылым мен сервис сапасын жақсарту қажет екенін атап өтті.

«Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Елдос Абақановтың айтуынша, Солтүстік Қазақстандағы табиғи шипажайлар мен демалыс орындарының мүмкіндігі көпшілікке әлі толық таныла қойған жоқ. Оның пікірінше, облыстың басты кемшіліктерінің бірі – инфрақұрылымның толық қалыптаспауы. Сонымен қатар туристерді қабылдау және оларға қызмет көрсету деңгейін арттыру қажет.

ц
Фото: видеодан алынған скрин

Елордалық қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш Айыртау ауданын табиғаты көркем аймақ ретінде бағалады. Оның пікірінше, аумақтың өзіндік дизайн кодын қалыптастырып, ғимараттар мен қоғамдық нысандарды бір стильде салу арқылы туристік тартымдылығын арттыруға болады.

Астана қаласы Туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі Жайнагүл Қаппасова Шалқар-Имантау курорттық аймақтарын Солтүстік Қазақстанның інжу-маржанына теңеді. Алайда оның айтуынша, қазір өңірдегі сервис сапасы мен туристік нысандарға жету жолдарының жағдайын жоғары деңгейде деп бағалау қиын.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Жалпы, «Таза қала» рейтингі бойынша Солтүстік Қазақстан облысы 22 ұпай жинады.

Айта кетейік, бұған дейін «Таза қала» жүргізушілері танымал курорт Бурабайдың ахуалын бағалап, Ақмола туризмінің артықшылықтары мен түйткілдерін көрсеткен еді.