Қанат Бозымбаев СҚО-дағы су тасқынына дайындық барысын тексерді

АСТАНА. KAZINFORM – Шал Ақын ауданына қарасты Сергеевка қаласында Қанат Бозымбаев Сергеев су торабының жағдайын тексерді.  

Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынына дайындық барысын Қанат Бозымбаев тексерді
Фото: ҚР Үкіметі

Бұл нысан – Есіл өзенінің ағынын реттейтін және су ресурстарымен қамтамасыз ететін стратегиялық обьект. Өткен жылдан бері мұнда нығайту, түбін тереңдету және жағалауларды шайылудан қорғау жұмыстары жүргізілуде. Қазір су тасқынының екінші толқынының шарықтау кезеңі өтіп жатыр.

Су қоймасы
Фото: ҚР Үкіметі

Сонымен қатар вице-премьер Есіл өзенінің бойында орналасқан Николаевка, Покровка, Явленка, Большая Малышка және Соколовка ауылдарындағы жағдайды тексерді. Облыс бойынша су басу қаупі бар 116 елді мекен бар. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, жағдай тұрақты бақылауға алынған. 

Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынына дайындық барысын Қанат Бозымбаев тексерді
Фото: ҚР Үкіметі
Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынына дайындық барысын Қанат Бозымбаев тексерді
Фото: ҚР Үкіметі

Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев Новоникольск ауылындағы көпірді, Қызылжар ауданына қарасты Бескөл, Прибрежное және Тепличное ауылдарындағы жөнделген бөгеттерді, Петропавл су торабын және Заречный кентіндегі айналма каналдың жағдайын қарады. Ұзындығы 3,7 шақырымға созылған бұл канал биыл су деңгейін реттеу және артық суды шығару үшін салынды. 

Қанат Бозымбаев
Фото: ҚР Үкіметі

Петропавлда су тасқынының бірінші толқынының шарықтау кезеңі 4-5 сәуірге болжанып отыр. Қорғау бөгеттерін нығайту жұмыстары аяқталуға жақын. Қанат Бозымбаев Ущева көшесіндегі бөгеттің қалпына келтіру жұмыстарын тексерді. Бұл нысан Подгора шағын ауданын су тасқынынан қорғайды. Сондай-ақ ол «Биопруд» су жинау қоймасы маңындағы қорғаныс бөгетінің құрылысымен танысты. Жұмыстар желтоқсанда аяқталмақ. 

Қанат Бозымбаев
Фото: ҚР Үкіметі
су қоймасы
Фото: ҚР Үкіметі

Вице-премьер қала аумағындағы саяжай алқаптарын және облыстық әкімдік жанындағы жедел әрекет ету орталығын да аралады. 

Облыста су тасқынына қарсы 109 іс-шарадан тұратын инженерлік жұмыстар жоспары іске асырылып жатыр. Нәтижесінде 60 елді мекенде су басу қаупі төмендеді. 47 км жаңа бөгет салынып, 41 км қорғаныс біліктері нығайтылды. Автожолдарға 108 су өткізу құбыры орнатылып, 10 км су бұру арықтары тереңдетілді, 4 км кіші өзен арналары тазартылып, 200 км нөсер кәріз желісі тазарды. 

су тасқыны
Фото: ҚР Үкіметі
СҚО
Фото: ҚР Үкіметі
СҚО
Фото: ҚР Үкіметі

Су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін Қанат Бозымбаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен ТЖМ-ге тәулік бойы тәуекел аймағындағы елді мекендерде, әсіресе саяжай алқаптарында мониторинг жүргізуді, су қоймаларындағы су деңгейін реттеуді және халықты су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы уақтылы хабардар етуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар