Солтүстік Қазақстанда құны 5 млрд теңгелік жоңышқа зауыты салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жылына 60 мың тонна жоңышқа өңдейтін зауыт іске қосылады, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.

Солтүстік Қазақстанда құны 5 млрд теңгелік жоңышқа зауыты салынып жатыр
Фото: АШМ

Солтүстік Қазақстан облысында құны 5 млрд теңге боалтын жоңышқа өңдеу зауытының құрылыс жұмысы қарқынды жалғасып жатыр. Инвестициялық жобаны «SalarFarm» серіктестігі жүзеге асырады.

Жоба Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында қолға алынған және ең құнды көпжылдық мал азықтық дақылдардың бірі саналатын жоңышқаны терең өңдеуді көздейді.

Солтүстік Қазақстанда құны 5 млрд теңгелік жоңышқа зауыты салынып жатыр
Фото: АШМ

— Жоңышқа ақуызға бай әрі аминқышқылдық құрамы теңгерімді дақыл ретінде ерекшеленеді. Түйіршіктелген өнім ұзақ уақыт сақтауға және ауыл шаруашылығы жануарларының азық рационында тиімді пайдалануға болады. Кәсіпорын жобалық қуатына шыққаннан кейін жылына 60 мың тоннаға дейін жоғары сапалы түйіршіктелген жоңышқа өндіре алады. Өнімнің негізгі бөлігі ішкі нарыққа жеткізіліп, сондай-ақ Қытай мен Орталық Азия елдеріне экспортталмақ, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Қазіргі таңда 3 гектар аумақта зауыт ғимаратының металл конструкцияларын монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сумен қамтамасыз ету үшін магистральдық құбыр тартылған. Германияда өндірілген заманауи технологиялық жабдықтар сатып алынып, жеткізілді.

Солтүстік Қазақстанда құны 5 млрд теңгелік жоңышқа зауыты салынып жатыр
Фото: АШМ

Жаңа өндіріс орнын іске қосу 2026 жылдың тамыз айына жоспарланып отыр.

Бұл өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сапалы жем-шөппен қамтамасыз етуге және елдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына тың серпін беруге жол ашады.

Бұдан бұрын Жетісу облысында 500 мың тонна өнім шығаратын қант зауыты жаңғыртылып жатқанын жазғанбыз.