Солтүстік Корея Ким Чен Ынның құрметіне жаңа әнұранды шырқады

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Корея көшбасшы Ким Чен Ынды «мейірімді әке» және «ұлы көшбасшы» ретінде мадақтайтын жаңа ән шығарды. Бұл қадам – оның беделін арттыруға бағытталған үгіт-насихат жұмыстарының бір бөлігі, деп хабарлайды Reuters

Фото: ТАСС/EPA/KCNA
Фото: ТАСС/EPA/KCNA

«Friendly Father» (Жарқын жүзді әке) әніне түсірілген бейнебаян сәрсенбі күні мемлекет бақылауындағы Кореяның орталық телеарнасында көрсетілді.

Онда балалардан бастап әскери және медицина қызметкерлеріне дейін «Ән айтамыз, Ким Чен Ын ұлы көшбасшы» және «Жарқын жүзді әке Ким Чен Ынды мадақтаймыз» сияқты өлең шумақтарын шырқады.

Ким тамашалаған оркестрдің сүйемелдеуімен әннің тікелей орындалуы мемлекеттік телеарнадан да көрсетілді.

Әннің шығуына аз уақыт қалғанда Солтүстік Кореяның мемлекеттік БАҚ елдің негізін қалаушы Ким Ир Сеннің туған күніне арналған мерекенің атын өзгертті — жыл сайынғы мемлекеттік мерекені «Күн күні» деп атаудың орнына, мемлекеттік БАҚ оны негізінен «Сәуір мерекесі» деп атай бастады.

Мұндай өзгерістер Ким Чен Ынның өзінен бұрынғыларға сенім артпастан өз аяғымен тұру әрекетінің бір бөлігі болуы мүмкін, деді Оңтүстік Кореяның Бірлік министрлігінің ресми өкілі.

Соңғы жаңалықтар