Солтүстік Кореяның футболшы қыздары алғаш рет Оңтүстік Кореяға барады

АСТАНА. KAZINFORM – КХДР-дың «Нэгохян» әйелдер футбол клубы алғаш рет Оңтүстік Кореяда матч өткізеді, деп хабарлайды Yonhap News Agency.

КХДР футболшы қыздары
Фото: Yonhap

20 мамыр күні команда «Сувон ФК Әйелдер» клубымен Азия футбол конфедерациясының әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының жартылай финалында кездеседі. Ойын Сувон қаласында, Сеул қаласынан шамамен 30 шақырым оңтүстікте өтеді.

Бұл – КХДР әйелдер клубының Оңтүстік Кореяда алғаш рет өнер көрсетуі. «Нэгохян» делегациясының құрамында 27 ойыншы және 12 бапкерлік штаб мүшесі бар. Команда 17 мамыр күні Бейжің арқылы Инчхон халықаралық әуежайына келеді.

Турнирдің топтық кезеңінде «Нэгохян» «Сувон ФК»-ны 3:0 есебімен жеңген. Ширек финалда команда Вьетнамның «Хошимин Сити» клубын да 3:0 есебімен сенімді түрде ұтты.

Клуб құрамында КХДР құрамасы сапында FIFA-ның жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен футболшылар бар – 2024 жылы 20 жасқа дейінгілер арасында және 2025 жылы 17 жасқа дейінгілер арасында.

Сол күні өтетін екінші жартылай финалда Аустралияның «Мельбурн Сити» және Жапонияның «Ниппон ТВ Токио Верди Белеза» командалары кездеседі. Турнир финалы 23 мамыр күні дәл осы Сувондағы стадионда өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Кореяда Оңтүстік Корея контентін көргені үшін өлім жазасы көбейгенін жаздық.