«Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі шығыс бағытының өткізу қабілеті жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғаяды

АCТАНА. KAZINFORM – 2027 жылға қарай «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс бағытындағы өткізу мүмкіндігін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл туралы Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Ақтауда басталған «Солтүстік-Оңтүстік» бірінші көлік сауда-экспорттық форумының ашылуында мәлімдеді.

«Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі шығыс бағытының өткізу қабілеті жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғаяды
Фото: ҚР Үкіметі

Форумға қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде вице-премьер мұндай форматтағы іс-шараны ұйымдастыру идеясы 2024 жылдың сәуір айында Кабулда Қазақстан, Ауғанстан және Түрікменстанның үшжақты кездесуі кезінде туындағанын атап өтті. Осы кездесу барысында тараптар «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі бойынша жүктерді тасымалдау кезіндегі әлеуетті мүмкіндіктер мен бар кедергілерді талқылады.

форум
Фото: ҚР Үкіметі

Сонымен бірге тасымалдаушылардың инфрақұрылымға қол жеткізуін және тасымалды жеңілдету үшін ашық «ойын ережелерін» әзірлеу қажеттілігі туралы ортақ ұғымға келді. Қазақстанның алғашқы көлік сауда-экспорттық форумы «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі бойынша тасымалдауға және осындай ережелерді әзірлеуге мүдделі барлық ел үшін алаң болуға арналған. 

«Бүгінде Қазақстан арқылы “Солтүстік-Оңтүстік” көлік дәлізінің шығыс бағытының өткізу қабілеті 6 млн тоннаны құрайды. Біз 2027 жылға қарай шығыс тармақтың қуатын жылына 10 млн тоннаға, ал 2030 жылға қарай – 20 млн тоннаға дейін жеткізу үшін теміржол инфрақұрылымын белсенді дамытып жатырмыз. Ол үшін $1,9 млрд инвестиция бағыттау жоспарлануда. Бұл қаражаттың бір бөлігін Еуразиялық даму банкінің желісі бойынша ЕАЭО периметрі аясындағы басым интеграциялық инфрақұрылым жобаларына: "Орск – Қандыағаш – Мақат – Бейнеу – Болашақ" және "Илецк-1 – Ақтөбе" темір жолдарының учаскелерін жаңғыртуға жеңілдік шарттарымен тарту көзделіп отыр», - деді Серік Жұманғарин.  

Ақтаудағы форум
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырыстарында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ЕАЭО көлік-логистикалық интеграция орталығы ретіндегі рөлін бірнеше рет атап өткен. Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі осы және өзге де ауқымды жұмыстар жаһандық нарықтарды байланыстыру және өңірді ірі көлік-логистикалық хабқа айналдыру мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

2024 жылғы 19-20 шілде күндері Ақтауда бірінші көлік сауда-экспорттық форумы өтіп жатыр. Оған 12 елден – Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Ресей, Беларусь, Түрікменстан, БАӘ, Иран, Ирак, Оман, Өзбекстаннан 440-тан астам қатысушы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының және Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдері қатысуда.

Соңғы жаңалықтар