Солтүстікке қоныс аударушылар мен қандастар қызметтік баспананы жекешелендіре ала ма

тұрғын үй
Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл солтүстікке қоныс аударушыларға және қандастарға 9,5 мың квота бөлінді. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған.

«Қоныс аударушылар мен қандастар қызметтік тұрғын үйде кемінде бес жыл тұрса, қолданыстағы заңнамада оларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушылар ретінде берілген қызметтік тұрғын үйлерді қалдық құнымен жекешелендіру құқығы көзделген», - деді вице-премьер.

Премьер-Министр орынбасарының атап өтуінше, солтүстік өңірлер (СҚО, ШҚО, Ақмола, Қостанай, Абай, Павлодар облыстары) жыл сайын қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын белгілейді. Биыл квота 9,5 мың адам көлемінде белгіленген. Оның 2,4 мыңы қандастарға беріледі. 

Қоныс аударушылар мен қандастарға мемлекеттік мынадай қолдау іс-шаралары көзделген: көшу үшін субсидиялар (отбасы иесіне және әрбір мүшесіне 258 мың теңге), тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге (жыл ішінде айына 55 мың теңгеден 111 мың теңгеге дейін), тұрғын үй сатып алуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаты (ең жоғары сома – 4 283 мың теңге).

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum