Сомалийлік теңіз қарақшылары қателесіп әскери кемені шабуылдады
АСТАНА. Наурыздың 29-ы. ҚазАқпарат - Сомалийлік теңіз қарақшылары әскери кемені сауда кемесімен шатастырып шабуылдап, нәтижесінде жеңіліске ұшырады.
Байлыққа белшеден батамыз деп ойлаған теңіз қарақшылары голландиялық әскери теңізшілердің тұтқынына түсті, деп хабарлайды Associated Press агенттігі. Еуроодақтың Теңіз қарақшыларымен күрес жөніндегі күштерінің құрамына кіретін голландиялық әскери кеме 12 теңіз қарақшысын тұтқынға алды.
Дерек көздердің ақпараты бойынша, теңіз қарақшылары нидерландиялық Tromp кемесін сауда кемесімен шатастырып алған. Қателерін кеш түсінген қылмыскерлер қару-жарақтары мен абордаж сатыларын суға лақтырып, арам ниеттерін жасырмақ болған және оқиға орнынан қашып кетуге тырысқан.
Қарақшылар, әскери кеме ескерту ретінде зеңбірек атқаннан кейін ғана, тоқтаған. Нәтижесінде 12 қарақшы тұтқынға алынып, олардың қайықтары суға батырылды. Айта кету керек, голландиялық кеменің теңізшілері осының алдында ғана тағы 32 теңіз қарақшысын қарусыздандырған болатын.