Сөмке ішіне жасырынған: Францияда тұтқын түрмеден қашып кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Францияның оңтүстік-шығысындағы Корба қаласындағы түрмеде 20 жастағы тұтқын ерекше жолмен қашып кетті — ол жаза мерзімі аяқталып, бостандыққа шыққан камераласының зат салған сөмкесіне жасырынып шыққан.

Бұл туралы BFMTV телеарнасы хабарлады, деп жазады Report агенттігі.
Қашу дерегі түрме әкімшілігіне тек келесі күні ғана белгілі болған.
Жас жігіт адам саудасы мен ұрлық сияқты бірнеше қылмыс үшін сотталған және ұйымдасқан қылмыстық топпен байланысы бар деген күдікпен тергеліп жатқан. Ол отырған камерада тағы екі тұтқын болған, солардың бірі 11 шілдеде босатылған.
Оқиғаға байланысты түрме ішіндегі тексеріс басталды. Түрме басшысы Себастьен Ковэль BFMTV-ге берген сұхбатында бұл оқиғаны «өте сирек кездесетін жағдай» деп бағалап, ол «бірқатар ауыр заңбұзушылықтың белгісі» екенін айтты.
Қашу фактісін түрме әкімшілігі орын тапшылығына байланысты байқамай қалған болуы мүмкін. Түрме өкілі BFMTV-ге берген мәліметінде мекеме 170% толғанын жеткізді.
Сонымен қатар, Францияның Рона департаментіндегі Ұлттық полицияның ведомствоаралық басқармасы (DIPN) қашуға қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Аустралияда түрмедегі адамдар саны рекордтық деңгейге жеткенін жаздық.