Соңғы 3 жылда Шымкент экономикасына қанша инвестиция тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мегаполистің инвестициялық саясаты мен өндірістік аймақтардың даму барысын баяндады.
Әкімнің айтуынша, шаһарда инвесторлар тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру мақсатында жаңа 2 өндірістік аймақтың құрылысы жүргізіліп жатыр және 3 аймақ кеңейтіліп жатыр. Аталған аймақтарда жалпы құны 900 млрд теңгені құрайтын 300 инвестициялық жоба іске асырылып, 13 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
— Шымкентте Оңтүстік өңіріне логистикалық жағынан тиімді «Өңірлік хаб» құру жұмыстары жалғасып жатыр. Осы мақсатта Сауда-логистикалық орталықты кеңейту келесі жылы аяқталады. Бұл жобаның жүзеге асуы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бизнес пен саудаға жаңа мүмкіндіктер ашады, — деді өңір әкімі.
Сонымен қатар «Стандарт» жеке индустриялық аймағы іске қосылды. Онда өндірістік инфрақұрылыммен қамтылған арнайы шағын өндіріс алаңдары салынды.
— Соңғы 3 жылда қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған, оның 75 пайызы жеке сектордың үлесі. Орташа жылдық өсім 11 пайызды құрады, — деп толықтырды ол.
Алдағы 5 жылда 6,6 трлн теңге инвестиция тарту көзделсе, бүгінде жалпы құны 4,6 трлн теңге болатын 221 жоба бойынша пул жасақталған. Бұл жобалар аясында 29 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
— Астана қаласында өткен инвестициялық форум нәтижесінде қытайлық Shaanxi Construction Engineering компаниясымен 55 млрд теңгеге қуаттылығы 24 МВт болатын қалдықтарды жағу арқылы энергия өндіру жобасы келісілді. Зауытты салу үшін қоқыс полигоны жанынан 12 гектар жер бөлінді, — деді әкім.
Әкімнің айтуынша, еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының бірі орналасқан Шымкентте мұнай-химия саласын дамыту мақсатында 2030 жылға дейін зауыттың өндірістік қуаттылығы 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Жобаның алдын ала құны шамамен 3 трлн теңгені құрайды.
Бұған дейін, Шымкентте соңғы 3 жылда өнеркәсіп саласында 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын жазғанбыз.