Соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасындағы қылмыс 30 пайызға төмендеді - ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасындағы қылмыс 30 пайызға төмендеді. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов айтты.

- Мемлекеттік органдармен бірлесіп қабылданатын шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасындағы қылмыс 30 пайызға, өткен жылы 3 пайызға төмендеді. Заңнаманы жетілдіру бойынша шаралар тұрақты негізде қолданылады. Өткен жылы кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық түзетулер қабылданды, - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Оның атап өтуінше, аталған заңнамалық түзетулер аясында балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін татуласу алынып тасталды. Кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, кәмелетке толмағандарға жыныстық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
- Нәтижесінде биыл кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы жасалатын қылмыстар саны 21 пайызға төмендеді. Сондай-ақ буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Өткен жылдан бастап 247 бұзушы жауапкершілікке тартылды, - деді Әсет Оспанов.
Осыған дейін ІІМ шетелдік әріптестерімен жүргізген операция барысында 300-ге жуық қылмыскер ұсталғанын жаздық.