Соңғы 6 жылда мемлекеттік қарыз көлемі қалай өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы 6 жылда мемлекеттік қарыз көлемі 2 есеге артып, 36 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінің 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы таныстырылымына арналған отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты. 

Мемлекеттік бюджеттің кірісі ұлғайды
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Оның айтуынша, 2020 жылдан бері Қазақстанның үкіметтік қарызы 16 трлн теңгеден 34 трлн теңгеге дейін өскен, яғни қарыз көлемі 2,1 есеге артқан. Ал осы кезеңде елдің жалпы ішкі өнімі 70 трлн теңгеден 150,9 трлн теңгеге дейін, яғни 2,3 есеге өскен.

— Егер қарыздың ЖІӨ-ге қатынасын алатын болсақ, бұл көрсеткіш 23,6-дан 21,8 пайызға төмендеді. Демек, 1,8 пайыздық тармаққа азайды. Мемлекеттік қарыз абсолюттік мәнде өсіп жатқанымен, экономиканың өсу қарқыны қарыздың өсуінен жоғары болып отыр. Сондықтан жалпы экономикаға түсетін борыштық жүктеме төмендеп келеді, — деп түсіндірді Азамат Әмрин.

Вице-министр мемлекеттік қарыздың шамамен 75%-ы ішкі қарызға, ал 25%-ы сыртқы қарызға тиесілі екенін атап өтті. Ішкі мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша төленетін пайыздар Қазақстандағы банктерге, зейнетақы жүйесіне және басқа да ішкі инвесторларға беріледі.

— Демек, бұл қаражат экономикадан сыртқа шықпайды, керісінше оның ішінде қайта бөлінеді, — деді ол.

Азамат Әмриннің атап өтуінше, Үкімет борыштық жүктемені азайту үшін ең алдымен бюджет тапшылығын қысқартуды көздеп отыр. Бұл жаңа қарыз алуға деген қажеттілікті азайтуға мүмкіндік береді. Бюджет тапшылығын 2025 жылы ЖІӨ-нің 2,7 пайызынан 2026 жылы — 2,5, ал 2027 жылы 2,3 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Қарыз жүктемесін басқарудың тағы бір тәсілі — қарызды қайта қаржыландыру және төлем мерзімдерін біркелкі бөлу. Мемлекеттік қарыздың 4 пайызы — қысқа мерзімді, 45 пайызы — орта мерзімді және 50 пайызы — ұзақ мерзімді қарыздар.

— Сондықтан қарыздың негізгі бөлігі орта және ұзақ мерзімге тиесілі. Бұл қайта қаржыландыру тәуекелдерін, оның ішінде қысқа мерзімдегі тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті вице-министр.

Бұған дейін мемлекеттік органдар 2027 жылға сұраған қаржының 5 трлн теңгесі негізсіз болғанын жазған едік.