Соңғы бес жылда көлік саласының жалпы өнімі үш есеге артты — министр

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы бес жылда көлік саласының жалпы өнімі үш есеге артты. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында мәлім етті. 

Соңғы бес жылда көлік саласының жалпы өнімі үш есеге артты — министр
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Министрдің айтуынша, саладағы өсім ең алдымен теміржол инфрақұрылымын дамыту есебінен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта өткізу қабілетін арттыру мақсатында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Мойынты — Қызылжар» және «Дарбаза — Мақтаарал» теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар Астана — Қарағанды бағыты бойынша үшінші жолдар, Арыс — Қазалы учаскесінде екінші жолдар салу жоспарланған. Қызылжар — Шұбаркөл — Есіл және Индербор — Мақат бағыттарында да жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды әлеуметтік жоба — «Теміржол вокзалдарын жаңғырту» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында еліміздің барлық өңіріндегі 124 вокзал қамтылған. Жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, — деді министр.

Сонымен қатар елімізде халықаралық деңгейдегі стратегиялық көлік дәліздерін дамыту жалғасып жатыр. Қазіргі таңда 7 негізгі автожол дәлізі жұмыс істейді. 2029 жылға дейін бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру көзделген.

Жиында айтылғандай, соңғы бес жылда автомобиль көлігімен транзиттік тасымалдау көлемі екі есеге артып, 6 млн тоннаға жетті.

Аэропорт инфрақұрылымын жаңғырту бағытында алдағы үш жыл ішінде әуежайларды кезең-кезеңімен модернизациялау көзделіп отыр. Астана әуежайын дамыту — кезек күттірмейтін міндеттердің бірі. Бұл бағытта қала әкімдігі тиісті жұмыстарды бастап, құрылысты келесі жылы бастау жоспарланды.

Сонымен қатар елде алты ірі әуежайды (Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды және Шымкент) қамтитын аэрохабтарды дамыту қолға алынған. Бұл бағытта институционалдық және инфрақұрылымдық жағдайлар жасалып, жобалардың едәуір бөлігі жеке инвестициялар есебінен іске асырылады.

Жүк авиациясын дамыту да басым бағыттардың бірі болып отыр. Бұл еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық логистикалық тізбектерге интеграциялануға мүмкіндік береді. Осы мақсатта бес жылдық жоспар әзірленіп, қажетті мемлекеттік шешімдер қабылданған.

Теңіз инфрақұрылымын дамыту аясында контейнерлік хабтар салу, порттық причалдарды жаңарту және түп тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға серпін бермек.

Бұған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақыны арттыру мәселесі қаралатынын жазғанбыз.