Соңғы он жылда жер жүзінде қарулы қақтығыстар көбейіп кетті — Президент
ТОКИО. KAZINFORM – Қазақстан Президенті әлемде қақтығыстардың өршуіне алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы дағдарыс белең алған және көпжақты ынтымақтастық тетіктері айтарлықтай әлсіреген қазіргі кезде әділетті әрі тұрақты әлем құру жөніндегі ой-пікірімен бөлісті.
— Соңғы он жылда жер жүзінде қарулы қақтығыстар көбейіп, ушығып кетті. Әлемдегі әскери шығындар былтыр 2,7 триллион доллар болған. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Сонымен қатар алпауыт елдер арасындағы стратегиялық бақталастық шырқау шегіне жетті. Соның салдарынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір ірі халықаралық қақтығыстарды шеше алмайтын дәрменсіз күйге түсті, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық сенімнің жаңа мәдениеті халықаралық ынтымақтастық пен ұжымдық шешім қабылдау үдерісінің негізі болуға тиіс екенін айтты.
Президенттің пікірінше, халықаралық қоғамдастық институттары тиімді қызмет етуі үшін өзара сенімді қалпына келтіруі қажет.
— Стратегиялық сенімнің жаңа мәдениеті халықаралық ынтымақтастық пен ұжымдық шешім қабылдау үдерісінің негізі болуға тиіс. Осы ретте Қазақстан аталған қағидаттарды Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді алаңдар арқылы үнемі ілгерілетіп келеді. Бүгінгі сын-қатерлерге бірде-бір мемлекет жалғыз өзі төтеп бере алмайтыны рас. Тек түбегейлі және тиімді ұжымдық іс-қимыл ғана ұзақ мерзімді нәтиже береді. Бұл орайда БҰҰ халықаралық қатынастарды реттейтін әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым рөлін атқаруды жалғастыра беруі керек, — деді Қазақстан Президенті.
Айта кетелік Қазақстан Президенті БҰҰ университетінде дәріс оқыды.