Соңғы үш жылда Астанада ауа сапасы мен Есіл өзенінің жағдайы жақсарған
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы үш жыл ішінде елордада атмосфералық ауаның сапасы жақсарып, Есіл өзенінің экологиялық жағдайында оң өзгерістер байқалған.
Бұл жөнінде қалалық Қоғамдық кеңестің отырысында Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Доскұлов мәлім етті.
— Осы уақыт аралығында Астанада қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған қаржы көлемі экологияға келтірілген зиян үшін жергілікті бюджетке түскен төлемдерден 6,5 есе көп болды. «Қазгидромет» мәліметінше, осы кезеңде қаладағы ауа сапасы жақсарған. Сондай-ақ Есіл өзенінің экологиялық ахуалында да оң өзгерістер байқалады. Мәселен, 2023–2024 жылдары өзен төртінші санаттағы «ластанған» су нысанына жатқызылса, 2025 жылы үшінші санаттағы «орташа ластанған» деңгейіне өткен, — деді басқарма басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Астанада Нұра-Есіл бойы қоқыстан тазартылғаны туралы жаздық.