Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Соңғы 10 жылда Қазақстанда тау-кен өндіру секторына салынған инвестициялардың көлемі 5 есеге дейін артты - А.Рау

АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2000-2010 жылдар аралығында Қазақстанда тау-кен өндіру секторына салынған инвестициялардың көлемі 5 есеге дейін артты. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау мәлім етті.

Соңғы 10 жылда Қазақстанда тау-кен өндіру секторына салынған инвестициялардың көлемі 5 есеге дейін артты - А.Рау

А.Рау, соңғы 10 жылда елде тау-кен өндіру саласына бағытталған инвестициялар 5 есеге дерлік артқанын айта келе, өткен 2009 жылы қаржыландыру көлемінің төмендеуі болғанын атап өтті.

«Дегенмен, ол болмашы ғана. Аталмыш секторға 21 миллиард АҚШ доллары жұмсалды. Бірақ мұнда бірден атап өту керек, инвестициялардың 75 пайызы немесе 15 миллиард доллары мұнай-газ секторына, ал тау-кен өндіру және уран секторына қалған 5 миллиард бағытталды. Мұның ішіне зерттеу және геологиялық барлау жұмыстары да кірді», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, дүниежүзілік қаржы дағдарысы тау-кен өндіру саласының қарқынына айтарлықтай әсерін тигізген жоқ.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан жылу-энергетикалық ресурстар (мұнай, көмір, уран), алтын, күміс, мыс, қорғасын, мырыш, никель, кобальт, боксит, қалайы, титан, темір, хромит, вольфрам, молибден және марганецтің қоры бойынша әлемдегі он мемлекеттің қатарына кіреді.

Ел аумағында 5004 кен орнына барлау жұмыстары жүргізілді: қатты пайдалы қазбалар - 839, көмірсутегі шикізаты - 256, жерасты сулар - 1285, кең таралған пайдалы қазбалар - 2624.