Соңғы 3 жылда мемлекеттік қызметтердің көрсетілу мерзімі орта есеппен 33 пайызға төмендеді - АШМ

Соның нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігімен көрсетілетін 50 мемлекеттік қызмет түрін электрондық үкімет ( www.egov.kz ) порталы арқылы, 4-еуін Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы алуға болады. Сондай-ақ, құжаттың қосымша берілуін растайтын 5 қызмет бойынша электрондық реестр жүргізілуде. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерді дамыту үрдісі қарапайым фермердің қызметті алуға өтінімді үйден шыкпай-ақ беруге жағдайын жасауға бағытталған. Әрбір көрсетілетін мемлекеттік қызмет бойынша нақты қызмет берушілер, көрсету мерзімдері және қажетті құжаттардың тізімі анықталған стандарттар мен регламенттер әзірленіп бекітілді. Мысалы - ауыл тұрғынына дәстүрлі (қағаз) нысанда мемлекеттік қызметті алу үшін аудан, кей жағдайларда облыс орталығына барып, тиісті министрліктің аумақтық бөлімшесіне немесе әкімдікке жазбаша түрде жүгінуге, оған қоса мемлекеттік қызметтің нәтижесін күтуге уақыт жоғалтатын еді. Ал енді фермер өтінімді қожалықтағы жұмыстан қол үзбей-ақ ала алады», - делінген баспасөз баянында. Бұл ретте ведомство мамандары электрондық қызметпен қатар дәстүрлі қағаз нысанда да қызметтер қатар көрсетіле беретінін алға тартады. Өйткені, еліміздің бірқатар елді мекендерінде ғаламтор байланысының жоқтығынан аталған нысан әлі де өзекті болып табылады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда алу - сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуге өз ықпалын тигiзбек. Себебі қызмет алушымен лауазымды тұлғаның тікелей қатынасы төмендейді не болмаса мүлдем жойылады.
«Бұдан бөлек министрлік жыл сайын мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің көрсетілу мерзімін қысқартуға ұмтылуда. Осылайша, 2012-2015 жылдары мемлекеттік қызметтердің көрсетілу мерзімі орта есеппен 33 пайызға төмендеді. Қызмет алушыдан сұратылатын құжаттар саны қысқартылуда, тек 2015 жылы ғана құжаттар саны орта есеппен 20 пайызға азайды. Мысалы, 2014 жылы «Тыңайтқыштар (органикалықтарды қоспағанда) құнын субсидиялау» көрсетілетін мемлекеттік қызмет шеңберінде тыңайтқыштарға субсидиялар алудың уақыты 30 жұмыс күнін қамтитын. Бүгінде аталмыш қызметтің көрсетілу мерзімі 6 күнге дейін қысқарды», - делінген баспасөз баянында.