Соңғы 4 тәулік ішінде Жаңаөзен қаласында бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ - Бас прокуратура
АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Жаңаөзен қаласының комендатурасы құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесе отырып, қаладағы төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жалғастыруда»,
деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Жаңаөзен қаласындағы жағдай тұрақты және құқық қорғау органдарының бақылауында. Соңғы 4 тәулік ішінде Жаңаөзен қаласында бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Қалада барлық мемлекеттік органдар және сайлау комиссиясы қызмет етуде. Дүкендер, дәріханалар, орталық базар әдеттегі режімде қызмет көрсетуде, балабақшалар ашылып, жұмыс жасауда. 2011 жылдың
22 желтоқсанында «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» компанияларының 100 пайыз жұмысшылары жұмысқа шықты. Жедел-тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушылары мен неғұрлым белсенді қатысушыларын анықтап, оларды жауапкершілікке тарту жөніндегі тергеу және жедел шараларды қолдануда. 2011 жылдың 21 желтоқсанында жаппай тәртіпсіздік кезінде алған дене жарақаттарынан өзінің үйінде 1961 жылы туған Кенжебаев Базарбай Жаңабайұлы қайтыс болды.
Б.Ж. Кенжебаев 2011 жылдың 16 желтоқсанында қалалық ауруханаға жеткізілген, алайда алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, ауруханаға жатып әрі қарай емделуден өз еркімен бас тартып, үйіне жіберілген. Жаңаөзен қаласындағы және Шетпе кентіндегі жаппай тәртіпсіздіктер нәтижесінде көз жұмған және жарақат алған адамдардың тізімдерімен Бас прокуратураның сайтында танысуға болады.