13:45, 05 Қаңтар 2010 | GMT +5
Соңғы 53 жылда Іле Алатауы мұздықтары 41 пайызға қысқарды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мұздықтар климаттың өзгеруіндегі ең жарқын индикатор. Оны География институтының мұздықтарды зертейтін зертханасының гляцилогы Александр Кокарев "Табиғат" экологиялық одағының бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Климаттың өзгеруі табиғаттың өзге жағдайларында байқалмайтын бұл өзгерістер мұздықтарда өте жылдам және өте дәл аңғарылады. Соңғы жылдары температура 0,3-0,5 С° көтерілді. Жалпы, мұздықтардың табиғи еруі 18 ғасырдың ортасында басталған болатын. 20 ғасырдың 50-ші жылдарынан кейін күрт жылдамдады. Мәселен, Іле Алатауындағы мұздықтар соңғы 53 жылда 118 шаршы шақырымға қысқарды. Бұл мұздықтың барлық аумағының 41 пайызын құрайды", дейді Александр Кокарев. География институтының гляцилогия зертханасының болжамынша, мұздықтардың еру қарқыны 2090 жылға дейін созылады. Ал таза, тұщы су одан кейін тағы 70-80 жылға сақталуы мүмкін.