Соңғы 8 жылда орталықтан жергілікті бюджетке бөлінетін қаражат 10 есеге өсті

Оған қатысқан ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бауыржан Байбек ағымдағы жыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы екендігін айта келе: «Осы уақыт аралығында қаншама күрделі саяси және экономикалық өзгерістер болғаны өздеріңізге мәлім. Елбасымыздың табанды саясатының нәтижесінде өндіріс пен ауыл шаруашылығының, инвестиция тарту мен шағын және орта бизнестің дамуы аясында ел бюджетінің кірісі едәуір көбейді», - деді.
Оның алға тартқан деректеріне қарағанда, соңғы 8 жылда орталықтан жергілікті бюджетке бөлінетін қаражат 10 есеге өсті. Тек биылғы жылы ғана өңірлерге бөлінген трансферттер 1,5 трлн. теңгені құрады. Соның нәтижесінде өңірлерде тәуелсіздік жылдары 700-ден астам мектеп салынып, 200-ден аса балабақша мен 4,5 мың шағын орталықтар ашылды, 650 аурухана іске қосылды. Облыстарда білім беру саласының қаржыландарылуы орта есеппен 13 есе, денсаулық сақтау 22 есе, әлеуметтік төлемдер 21 есе өсті. Осының барлығы халықтың тыныс-тіршілігін жоғары деңгейге көтеруге мүмкіншілік берді.
Өз кезегінде осынау қаражаттың тиімді пайдаланылуына бақылауды ұйымдастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырғандығын ескертіп өткен Б.Байбек: «Осы ретте Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, Парламент депутаттарының қолдауымен бюджеттік кодекске және жергілікті өзін өзі басқару заңына өзгерістер енгізіліп, қажетті заңнамалық база қабылданды. Нәтижесінде ревизиялық комиссиялар құрылып, төрағалары, өздеріңіздер сайландыңыздар», - деді.
Осы орайда ол комиссиялар берген мағлұматтар арқылы Елбасы аймақтағы экономикалық даму барысымен танысып, қажетті шешімдер қабылдайтындығын баса айтты.
«Қазіргі таңда үш жақты бақылау жүргізілуде. Біріншіден, биылғы жылдан бастап мемлекеттік органдарды бағалау жүйелендіріліп, келешекте мемлекеттік бақылаудың ең басты үлкен құралына айналатындығы сөзсіз. Өздеріңзге мәлім, оның ішінде бюджеттің қаражатын тиімді пайдалану бағаланады. Екіншіден, өңірлерді рейтингтік бағалау қатарынан екінші жыл жүргізілуде. Бұл орталыққа өңірдегі аудандарда болып жатқан жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Оның үстіне бұл үдеріске жергілікті жердегі бұқаралық ақпарат құралдары да атсалысуда. Ал сіздердің өңірлерде жүргізетін қаржылық бақылау, яғни сыртқы аудит - бақылаудың үшінші маңызды жағы», - деді ол.