Соңғы аптада жасалған 1 мың 942 қылмыстың 1 мың 572-нің ізі суымай ашылды
АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Республикадағы қылмыстық жағдай тұрақты. Тамыздың 15-і мен 22-і аралығындағы мәліметтер бойынша, елде 1 мың 942 қылмыс жасалып,
оның 1 мың 572-нің ізі суымай ашылған. Сондай-ақ бұрын жасалған 416 қылмыс ашылған. Бұл мәліметтерді бүгін Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов журналистермен болған апталық брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, аталған мерзімде іздеуде жүрген 34 адам табылып, 259 есірткімен байланысты қылмыс әшкереленген. Есірткімен байланысты қылмыстардың 49-ы есірткіні саудалауға қатысты болып отыр. «Қарағанды қаласында тұратын әйелден 1 келі героин табылса, Павлодардың 22 жасар тұрғынының жалдап тұрып жатқан пәтерінен 533 грамм героин тәркіленген. Сондай-ақ Шымкентте 188 грамм героинді саудалау кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны ұсталды», деді департамент бастығы.
Соңғы аптада ұйымдасқан қылмыстық топтар тарапынан жасалған қылмыстар бойынша 32 қылмыстық іс қозғалған. Оның 2-уі ұйымдасқан топты құрып, оны басқарғаны үшін қозғалған. Қылмыс әлеміннің 1 беделдісі мен ұйымдасқан топтың 1 басшысы және 4 мүшесі ұсталды. «Сонымен қатар, Алматы қаласында пәтер тонаумен айналысып жүрген, Петропавлдан арнайы келген 4 азамат құрықталды. Қарағандыда есірткіні тергеу абақтысына өткізбек болған ұйымдасқан топтың белсенді мүшесі ұсталды», деді Қ.Жұманов.