Соңғы бір апта «Эйр Астана» мен «Скат» әуе компанияларының 194 рейсі кешіктірілді - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде соңғы аптада жиі орын алған әуе рейстерінің жаппай кешіктірілу мәселесіне қатысты шұғыл жиналыс болып өтті.
None
None

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

Азаматтық авиация комитеті Астана және Алматы қалаларының әуежайларында әуе рейстерінің кешігуіне қатысты жүргізген талдаулар нәтижесінде, тек соңғы бір аптаның ішінде «Эйр Астана» және «Скат» әуе компанияларының 194 рейсі кешіктірілгенін анықтады.

Негізгі себеп Алматы, Астана және Үрімші қалаларындағы ауа райының қолайсыздығы, бұл өз кезегінде қалған бағдарлардағы рейстердің кешігуіне әкеліп соқтырған.

Әуе компанияларының жұмысында басқа да кемшіліктердің бар екені айтылды. Атап айтқанда, жолаушыларды уақытында хабардар етпеу, ұшу уақыттарының кейінге шегерілуінің себептері мен қанша уақытқа кешіктірілетіні туралы ақпараттың болмауы . Сол себепті осы бағыттағы жұмыстарды күшейту, әуежайлық қызметтер мен әуе компанияларының шұғыл шешім қабылдауда өзара әрекетін жақсарту, ұшу пункттерінде қосалқы борттар мен экипаж мүшелерінің болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Әуе компанияларына басқа да әуе компанияларымен, атап айтқанда, азаматтық авиация саласындағы әріптестерімен «интерлайн» - келісім негізінде жолаушыларды тасымалдау мәселесін қарастыру тапсырылды. Бұл жүйе бір компаниясының жолаушыларын екінші бір әуе компаниясының кемесімен тасымалдауға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, шұғыл жиналыс барысында әуе компания қызметкерлерінің мемлекеттік тілге немқұрайлы қарайтындығы туралы жолаушылардың ескертулері де сөз болды. Осы орайда, мемлекеттік тілдің деңгейін көтеруге, оқыту жүйесін ұйымдастыруға қатысты ұсынымдар берілді.

Жиналыс қорытындысында алдағы қысқы маусымды есепке ала отырып, әуе рейстерінің тұрақтылығы мәселесі әрқашан қатаң бақылауда болуы керектігі, адам факторына қатысты кешігу оқиғалары орын алған жағдайда әкімшілік шаралар қолдану, ең бастысы жолаушыларға әуе рейстері туралы ақпаратты дер кезінде жеткізу және кешігу салдарынан орын мәселелерді шешу үшін барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

 

Соңғы жаңалықтар