14:04, 20 Қаңтар 2011 | GMT +5
Соңғы екі жылда «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша 13152 маман ауылға аттанды - А.Күрішбаев
АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Соңғы екі жылда «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерге 13152 маман келді. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, ведомствоның өткен жылғы жұмысының қорытындысына және алдағы жоспарын айқындауға арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты.

«Соңғы екі жылдың өзінде «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерге әлеуметтік саланың 13152 маманы, яғни бір жылда - 6 мыңнан астам адам келді. Бұл алдағы уақыттармен салыстырғанда 2 есеге көп», - деді министр.
Сонымен бірге А.Күрішбаев, былтыр Ауылдық аймақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аяқталғанын және осы жылдар ішінде даму мүмкіндігі жоғары ауылдық аймақтардың саны 1548-ге жеткенін айтты.