Соңғы он жылда Сауд Арабиясынан Қазақстанға инвестиция 94 млн. долларды құраған - Қаржы министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы он жылда Сауд Арабиясынан Қазақстанға инвестиция 94 млн. долларды құраған. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.

Соңғы он жылда Сауд Арабиясынан Қазақстанға инвестиция 94 млн. долларды құраған - Қаржы министрі

Еске салайық, жалпы отырыста «ҚР Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салуға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Хаттамаға 2011 жылдың 7 маусымында қол қойылған.

«Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тауар айналымы соңғы он жылда 268 млн. долларды құраған. Ал 2015 жылы бұл 16 млн долларды құрады. Қара металлдан жасалған бұйымдар, тазартылған мыс және темір қоспалары еліміздің экспортының негізгі бағыттары болып табылады. Ал импорт құрылымында дәрілік заттар мен басқа да бұйымдар басымдыққа ие», - деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, Сауд Арабиясынан соңғы он жылда Қазақстанға инвестиция 94 млн. АҚШ долларды құраған. Оның ішінде былтырғы жылы 8 млн. АҚШ долларын құраған.

«Екі ел арасындағы инвестициялық және экономикалық әлеуетті арттыру үшін бүгінгідей келісімшарттар керек. Статистка көрсеткендей, біз осындай келісім жасалғаннан кейін мемлекеттерде соңғы он жылда инвестиция 169 млрд долларды құрады, бұл - барлық инвестицияның 84 пайызы. Жалпы Қазақстан осындай қосарланған салықты болдырмау туралы 49 мемлекетпен келісімшартқа қол қойылған. Қазіргі күні қосымша алты мемлекетпен келіссөздер жүргізіп, тағы алты елмен өзгерістер жасау туралы келістік», - деді министр.

Қаржы министрінің сөзіне қарағанда, Қазақстан тарапынан инвестициялық жоба ретінде Сауд Арабиясына мұнай өңдеу саласындағы инфрақұрылымдарға қатысты бірқатар бірлескен жобалар, құрылыс индустриясы мен фармацевтика бағытында жобалар ұсынылған. Қазіргі күні саудиялық кәсіпкерлер тарапынан Қазақстан аумағында фармацевтикалық салаға қатысты жобаға қызығушылық білдірілген.

Айта кетерлігі, Конвенция екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен инвестициялық ағымдар үшін қолайлы жағдайлар жасайтын болады.