Соңғы үш айда Бурабайдағы «Қазақстандық Лапландияны» тамашалаған туристер саны артқан

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Туризм саласында Ақмола облысының алатын орны ерекше. Жұртшылыққа Қазақстанның інжу-маржаны ретінде танылған «Бурабай» курорттық аймағында қысқы және жазғы туризмді дамытуға ел әлеуеті толық жетеді.

Соңғы үш айда Бурабайдағы «Қазақстандық Лапландияны» тамашалаған туристер саны артқан

«Жыл сайын бұл курорттық аймаққа миллиондаған туристер келіп, дем алады. Соңғы жылдары Бурабайда жазғы туризммен қатар, қысқы туризмді дамыту ісі де қолға алынды. Осы орайда, Бурабайда ашылған «Rixos Burabay» орталығы көптеген қазақстандықтар мен ел қонақтарының жиі келетін демалыс орнына айналған», - делінген Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінде.

Орталықтың бастамасымен іске қосылған «Қазақстандық Лапландияны» тек соңғы 3 ай ішінде 14 мың дем алушы келіп тамашалаған. Бұл әрине, Бурабайда қысқы туризмнің дамуына өзіндік септігін тигізіп, аймақтағы туристік әлеуеттің артуына едәуір ықпал етері сөзсіз.