Соңғы үш жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстан ұн экспортынан әлемде бірінші орында тұр - А. Евниев
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2009-2010 жылдар бойынша әлемдік астық өндірісінің ұлғаюы мен негізгі импорттаушылар тарапынан сатып алу сұранысының төмендеуін есепке алсақ, бұның өзі әлемдің деңгейде астық бағасының төмендейтінін, яғни қазақстандық астықты экспорттаудың қиындай түсетінін білдіреді. Дегенмен, ғаламдық дағдарыстың әсері сезіліп отырған осындай қиын кезеңдерге қарамастан 2009 жылдың алғашқы 6 айында 5,5 млн. тонна астық пен астық баламасындағы ұн экспортталды. Бұнымен қоса, қазақстандық астық экспортының үлесінде ұнды экспорттау жыл сайын ұлғая түсуде. Мәселен, соңғы үш жылдағы көрсеткіш бойынша Қазақстан ұн экспортынан әлемде бірінші орында тұр», деді вице-министр.
Оның айтуынша, 2003 жылы астық экспортындағы ұнның үлесі 11 пайызды ғана құраса, 2009 жылы экспортталған астық өнімдерінің тең жартысы ұн түрінде болып отыр. Сонымен бірге, 2009 жылы қазақстандық ұн экспортының көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп 2,2 млн. тоннаны құраған.
«Бұның барлығы Үкімет тарапынан сыртқы нарыққа астық пен оның өңделген өнімдерін өткізуге жасаған қолдауы арқасында орын алды. Атап айтқанда, Үкімет 5 млн. тонна шамасында астық сатып алуға қажетті қаражат бөлді, резервтен теңіз порттарына астық тасымалдау шығынын төмендету үшін арнайы қаражат қарастырылды», деді А. Евниев.