Соңғы жарты ғасырдағы ең қатты құрғақшылықтың салдарынан миллиондаған қытайлық сусыз қалып отыр
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат - Қытайдың миллиондаған тұрғыны елдің оңтүстік-шығысында соңғы 50 жылдағы ең қатты құрғақшылықтың салдарынан ауыз сусыз қалып отыр.
Бірқатар аудандарда өткен қыркүйек айынан бері бір тамшы жаңбыр жаумаған, деп хабарлайды «Маяк» радиосы.
Нәтижесінде егіннің бәрі қурап кетті, тау өзендері тартылып қалды. Табиғаттың тосын мінезінен келген экономикалық шығын 527 миллион долларға бағаланып отыр. Синоптиктердің болжамынша, құрғақшылық сәуір айына дейін жалғасады, бірақ та аймақтағы ауыз судың қоры тек бір айға ғана жетеді.
Осыған байланысты Қытайдың оңтүстік-шығысында дабыл соғылуда. Үкімет зардап шеккен аймақтарға су жеткізу шараларын ұйымдастыруда. Бұл бағдарламаға 7 миллионнан астам доллар бөлініп отыр.