Соңғы жылдары әлем елдері бойынша исламдық қаржыландыру жүйесіне қызығушылық артып отыр

АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Соңғы жылдары әлем елдері бойынша исламдық қаржыландыру жүйесіне қызығушылық артып келеді. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелеріне бағытталған заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қаржы нарығы және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі төрайымының орынбасары Мұрат Байсынов
None
None
осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінгі таңда аталған исламдық қаржыландыру мен исламдық банк жүйесі дүниежүзінің 38 елінде қызмет етеді. Бұл елдердің барлығы мұсылман мемлекеттері емес, атап айтқанда Еуропада, АҚШ-та, Оңтүстік Шығыс Азияда, Таяу Шығыста жұмыс істеп тұрған 300-ден астам ислам банктері бар. Сонымен бірге, дүниежүзі бойынша исламдық қаржы институттарының жиынтық активтері 2008 жылдың аяғында орташа жылдық өсіммен 900 млрд. доллардың көлемінде болған еді. Ал рейтингтік агенттіктердің болжамынша, 2010 жылға дейін бұндай өсім 2 трлн. АҚШ долларына жетуі мүмкін», деді М. Байсынов. Оның айтуынша, қазіргі дағдарыс кезеңінде де мұсылман емес батыс мемлекеттерінің өзі исламдық қаржыландыруға қатты қызығушылық танытып отыр. Мәселен, Ұлыбританияда Халықаралық қаржы орталығы ретінде Лондонның имиджін құру мақсатында дәстүрлі қаржыландырумен қатар, исламдық қаржыландыру да енгізілген. Бұнымен қоса, бірегей ойын алаңы болуы үшін исламдық қаржыландырудың салық және реттеуші өзгерістері заңмен енгізілген. Италия, Франция, Жапония секілді мемлекеттер тарапынан да осындай қаржыландыру институтына қызығушылық артып келеді. «Ұлттық экономикада ислам банкі ісінің дамуы үшін орындалуы тиіс негізгі үш талап белгіленген. Бірінші, банк операцияларын шариғатқа сәйкес келу тұрғысынан бағалайтын, басқаша айтқанда банктің нағыз исламдық болуын қамтамасыз ететін Кеңес болуы тиіс. Екіншіден, ислам банктері өз операцияларын пайызсыз негізде жүзеге асыратындықтан, банк операцияларын пайыз төлемей және өндіріп алмай жүзеге асыруға заң жүзінде тыйым салынуы керек. Үшіншіден, банктерге сауда операцияларына қатысуға және клиенттермен пайда мен шығысты бөлісуге рұқсат етілуі тиіс», деді М. Байсынов.
Соңғы жаңалықтар