Sony компаниясы енді PlayStation ойындарына арналған дискілерді шығармайды
АСТАНА. KAZINFORM — Sony Interactive Entertainment 2028 жылдан бастап PlayStation консольдеріне арналған барлық жаңа ойындарды тек цифрлық форматта шығарады. Осылайша компания жаңа ойындарға арналған дискілерді өндіруді тоқтатпақ, деп хабарлайды Kyodo.
Компанияның контенттік коммуникациялар жөніндегі директоры Сид Шуман өз мәлімдемесінде бұл шешім тұтынушылардың сұранысына сай қабылданғанын айтты.
— Бұл — Sony Interactive Entertainment үшін даму бағыты. Өйткені тұтынушылардың цифрлық контентке деген сұранысы физикалық дискілерге қарағанда әлдеқайда жоғары, — деді ол.
Оның айтуынша, бұл өзгеріс 2028 жылдың қаңтарына дейін дискіде шығарылған немесе сол уақытқа дейін шығатын ойындарға әсер етпейді.
Соңғы жылдары ойыншылардың талғамы өзгеріп, көпшілік ойындарды жүктеп алу немесе смартфон қосымшалары арқылы онлайн қолжетімді ету тәсілін таңдай бастады.
Компанияның наурыз айындағы ойын бағдарламалық жасақтамасының сатылымы 2,64 трлн иен (16,4 млрд доллар) болды. Оның ішінде физикалық дискілердің үлесі жалпы сатылымның 5 пайызынан да аз болған.
Айта кетейік, Sony авторлық құқықты сақтау үшін музыканттарға жаңа технология ұсынды.