Сорбұлақта жиналған су Алматы-Астана күрежолын басып қалуы мүмкін
Еске сала кетейік, комитет отырысында «Щучье-Бурабай курорттық аймағының су көздерін санациялау және Сорбұлақ сарқынды сулар жинақтаушы көлін реконструкциялау» мәселесі талқыланған болатын.
Энергетика вице-министрінің айтуынша, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Сорбұлақ cу жинағышының қоры төмендеп, су деңгейі алаңдатарлық деңгейге жақындағаны анықталған.
«Жауын мөлшерден тыс көп жауған жағдайда немесе дүлей дауыл тұрса, немесе сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан жер сілкінісі болса, онда бөгеттің жарылу қаупі артады. Ал ондай жағдай орын алса Алматы-Астана автомагистралімен қатар, бірнеше елді мекендерді су басуы мүмкін», - деді Т.Ахсамбиев. Оның айтуынша, Алматы қаласының жылдам дамуы, мегаполистегі халық санының күрт өсуі Сорбұлақ қоймасындағы шаруашылық-тұрмыстық және өнеркәсіптік су сарқындыларының мөлшерін арттырып отыр. Ал Сорбұлақ су жинақтағыш қоймасының іске қосылғанына 40 жылдан асқан. Осыған орай, министрлік өкілі су қоймасын жаңғырту жобасы үш кезеңнен тұратынын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, жобаның бірінші кезеңінде ұзындығы 45 шақырым Сорбұлақ су бұру арналары мен су бөлу құрылғыларын жаңалау көзделген. Бұл ретте жобаның бірінші кезең құрылысы 1 миллиард 389 миллион теңгені құрағалы отыр. Ал екінші кезеңде №1 және №2 бөгеттерін жаңғырту қарастырылады, оған 413 миллион 885 мың теңге жұмсау көзделген. Үшінші кезеңде Сорбұлақ су арнасының оң жағалауын жаңғырту жұмыстары қамтылмақ. Үшінші кезеңде 1 миллиард 28 миллион теңге бөлу қарастырылады.