«S.O.S»: Елорда оқушылары нашақорлық қаупін қойылым арқылы сезінді
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Музыкалық жас көрермен театрында жазушы, драматург Мадина Омарованың «S.O.S» драма жанрындағы қойылымы көрермен назарына ұсынылды.
Спектакль қалада «Заң және тәртіп» қағидасын, «Жас үміт» жобасын, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі «Астана – есірткісіз қала» акциясын іске асыру аясында сахналанды.

Есірткі шырмауына түскен жастардың тағдыры баяндалатын қойылымның басты рөліндегі Айбар жұмыс таба алмай қиналып жүргенде, есірткі сататын жігіттерге жолығады. Сөйтіп, жеңіл ақшаның соңынан кетеді. Осылайша ұйып отырған бір отбасының шаңырағы зардап шегеді. Қойылымда басты кейіпкер Айбар рөлінде Бибол Байғараев, Абзал Арапов, Айбарша рөлін Аружан Бағзат пен Арелана Амангелдиева сомдады. Ал анасының рөлін «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар мен Ақниет Замзат орындады.

Қойылым барысында есірткі тұтынудың жеке тұлғаға, отбасына және қоғамға әкелетін қаупі көркем тілмен жеткізіліп, жастарға өмірлік дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығы көрсетілді.
- Спектальде бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі қозғалады. Оқиға бір отбасының айналасында болған мәселемен өрбиді. Олар қиындыққа төтеп беруге тырысады. Алайда амалдың, қаражаттың жоқтығынан қиындыққа тап болады. Басты мақсат – мұндай мәселенің алдын алу, оны болдырмау. Көрерменге арзан ақшаның артында әрқашан қиындық тұратынын жеткізу, - деді спектакльдің қоюшы режиссері, мәдениет саласының үздігі Аман Ғұмаров.

Астана қалалық прокуратурасы Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Нұрислам Балтабеков жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және салауатты өмір салтына баулу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін, бұл мақсатты жүзеге асыруда жас буынмен ашық форматтағы диалог өз тиімділігін көрсеткенін айтады. Сондай-ақ нашақорлық мәселесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірнеше мәрте баса назар аударғанын еске салды.
- Осыдан бірнеше ай бұрын Президентіміз Қауіпсіздік кеңесінің отырысында есірткі жастардың болашағына балта шауып, ұлт саулығына қатер төндіретінін атап өтіп, нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе, білім беру мен ақпарат саласында кеңінен жұмыс жүргізуді тапсырған болатын. Ал бүгінгі Музыкалық жас көрермен театрының «S.O.S» қойылымы осы тапсырма үдесінен шыға алған сияқты. Қойылымды тамашалаған 200 оқушыға есірткі қасіретін түсіндіре алсақ, үлкен жетістік болмақ, - деді Нұрислам Балтабеков.

Айта кетейік, «S.O.S» драма жанрындағы қойылымы елорда прокуратурасының, Астана қалалық мәдениет және білім басқармаларының бастамасымен өткізілді. Оны 220-дан астам мектеп оқушы тамашалады.