Сот Абылай Мырзахметовтің жазасын жеңілдетуден бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов сотқа жүгініп, жазасын жеңілдетуді сұраған. Бұл туралы Павлодар қаласы №2 сотының баспасөз қызметі хабарлайды.

- 2025 жылғы 28 қаңтарда Павлодар қаласының №2 соты сотталған Абылай Мырзахметовтің жазасын өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл, яғни бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстыру туралы өтінішхатын қарап, жазасын өтеу мерзімінің барлық кезеңінде, оның ішінде күзетпен ұстау уақытындағы тәртібі туралы мәліметтерді зерделеп, процеске қатысушылардың пікірін тыңдады, - делінген сот хабарламасында.
Айта кетсек, Қылмыстық кодекске сәйкес, сотталушының мінез-құлқында оң өзгерістер болса, жазаны жеңілдету жағдайы көзделген.
- Алайда А.Мырзаметовтің мінез-құлқында оң өзгеріс жоқ және жазасын өтеу дағдылы жағдайға жатады. Жазасын өтеудің барлық кезеңінде сотталған адам еңбекке адал қатынасы үшін тек 1 көтермелеу алды, бұл заңға сәйкес сотталушының негізгі міндеті. Қорытындылар бойынша сот жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеу түріндегі неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыруға жеткілікті негіздер таппады. Осыған байланысты сотталған адамның өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылды, - дейді Павлодар қалалық сотынан.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметов 2023 жылы 10 мамырда ұсталды.
2023 желтоқсанда Абылай Мырзахметовтің ісі сотқа жолданды.
Айта кетсек, Абылай Мырзахметовтің соты жабық өтті.
Елорда соты Абылай Мырзахметов 13,9 млрд жымқырды деген үкіммен оны 5 жылға бас бостандығынан айырды.