Сот ардагері тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Мәрмәр тақтада «Бұл үйде 1970-2014 жылдары Қазақстан Республикасы сот жүйесінің құрметті ардагері Иманғалиев Бижан Тілешұлы тұрды» деп жазылған.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде БҚО сотының төрағасы Бек Әметов бұл үйдің 1963-1977 жылдары Батыс Қазақстан облыстық сотына 14 жыл бойы басшылық жасаған Бижан Иманғалиевтің құтты қара шаңырағына айналғанын атап өтті. Осы үйде қадірлі ағаның белсенді азаматтық кезеңдері және қариялық ғұмыры өтті.
Бижан Тілешұлы жеке басының үлгілі қасиеттерімен артына шуақты із қалдырды. Ол елді Ұлы Отан соғысының өрті шарпыған қиын-қыстау кезеңдерде тұрмыс тауқыметін тарта жүріп оқып, білім алды. Соғыстан кейінгі жылдарда ұлттық заңгер кадрлардың қара шаңырағы - Қазақ мемлекеттік университетінінің заң факультетін бітіріп, туған өлкеге кәсіби маман болып оралды. 1948 жылы 21 жасында кәсіби еңбек жолын судьялық қызметтен бастаған ол өмірінің соңғы сәтіне дейін сот жүйесіне айрықша еңбек сіңірді. Бижан аға өткен жылы барлық жеке құжаттары мен алған үкімет наградаларын, көзі тірісінде тұтынған қадірлі заттарын облыстық соттың мұражайына тапсырып еді. Қазір олар қадірлі ақсақалдың көзіндей болып мұражайдағы Бижан Тілешұлына арналған арнайы бөлімде сақтаулы тұр.
Бұдан кейін жасы тоқсаннан асқан соғыс және еңбек ардагері, Б.Иманғалиевтің үзеңгілес жолдасы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Бисен Жұмағалиев сөз алып, бұл сот жүйесінің ардагеріне көрсетіліп отырған лайықты кұрмет деп бағалады. Өз кезегінде сөз алған ардагердің қызметтес жолдасы болған, зейнеткер Зайыр Ухманов, ардагер ағаның алдын көріп, тәлімін алған шәкірті, доғарыстағы судья, сот жүйесінің ардагері Қуаныш Әбуов және басқалары сөйлеп Бижан Тілешұлының азаматтық, адамгершілік, қайраткерлік қасиеттерін жан-жақты сипаттады. Салтанатты жиын соңында ардагер ақсақалдың зайыбы Қамеш Иманғалиева елінің қадірлісіне айналған азаматын мәңгілік есте қалдыру жолында жергілікті билік өкілдері, соның ішінде облыстық сот тарапынан атқарылып жатқан шараларға ризашылығын білдірді.