Сот Boeing компаниясын әуе апатының құрбандарына $28 млн төлеуге мәжбүрледі
АСТАНА. KAZINFORM – Чикагоның федералды сотындағы алқабилер Boeing компаниясы 2019 жылы Эфиопияда апатқа ұшыраған 737 MAX ұшағында мерт болған БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау бойынша қызметшісіне 28 млн доллар төлеуі қажет деген шешім шығарды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Шикхи Гаргтың отбасына қатысты қабылданған шешім әуе апатынан кейін және 2018 жылы Индонезияда болған апаттан кейін түсірілген ондаған шағымдар бойынша дәлелденген алғашқы іс болып отыр. Аталған апаттардың салдарынан жалпы саны 346 адам көз жұмған.
Тараптардың екіжақты келісімі бойынша Шикхи Гарг сот шешімі негізінде берілген 35,85 млн долларды толықтай және оған қосымша осы соманың 26 пайызын алады. Boeing аппеляцияға бермейтін болды, деді отбасының адвокаттары.
Өз мәлімдемесінде Boeing өкілі осы екі апаттан жақындары қаза болған азаматтардың барлығына көңіл айтты.
- Біз осы сияқты өзге де бірқатар шағымды реттедік, соған қарамастан отбасы мүшелерінің сот арқылы әділдікке қол жеткізуге құқықтары бар және біз олардың құқықтарына құрметпен қараймыз, - деді ол.
Шағымда 737 MAX ұшағының ақаулары болғаны айтылған. Ал Boeing компаниясы бұл туралы жолаушыларға хабарламаған.
Ethiopian Airlines ұшағының апаты Lion Air 610 ұшағы Индонезияда апатқа ұшыраған соң 5 айдан кейін болды. Екі жағдайда да апатқа ұшақтың автоматты басқару жүйесінің ақауы себеп болған.
- 5 қарашада Boeing Ethiopian Airlines компаниясы ұшағының құрбандарына қатысты тағы үш шағым бойынша мәселені шешкен болатын, - деді зардап шеккендердің адвокаты.
Ол кезде Boeing өкілдері 737 сериясындағы авиалайнерлерді 2020 жылдың қаңтарынан бастап шығаруды тоқтататынын мәлімдеген.
Айта кетейік, 2018 жылы 29 қазанда Индонезияның Lion Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Джакартадан Панкалпинангқа бет алған ұшақ теңізге құлап, 189 адам мерт болды.