Сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілдің сирек қолданылуы тілге қатысты заңдар талаптарын өрескел бұрмалаудан туындаған жасанды проблемалар-судья Ә. Құрықбаев

Мемлекеттік тілдің ахуалын зерделеп, оны кеңінен қолдану - әрине сот жүйесін де айналып өтпейтіні айқын. Сот істерін мемлекеттік тілде жүргізу Конституция талабы. Заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік тіл елдің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.
Кеше сот ісін мемлекеттік тілде жүргізудің өзекті мәселелеріне арналған жиын еліміздің Жоғарғы Сотында өтті. Басқосу барысында келтірілген мәліметтерге жүгінсек, осы күндері қаралатын сот істерінің 25 пайызы ғана мемлекеттік тілде жүргізілген екен. Алайда «неліктен 25 пайыз ғана, яғни неге 50 немесе 100 пайыз емес?» деген заңды сауал туындайды. Осы орайда бұл сала төңірегінде қордаланған мәселенің басын ашу үшін аталған алқалы отырыстың барысында айтылған ой-түйіндерді көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.
Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаровтың пайымдауынша, мемлекеттік тілдің аясын кеңейту жөнінде үлкен жұмыстар атқарылуы тиіс. Атап айтқанда, істі жүргізетін тергеушілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қазақ тілін барынша меңгерген, еркін сөйлеп, жаза алатын адамдар болуы керек. Сонымен қатар әрбір жауапқа тартылған азаматқа оның өз конституциялық құқы бойынша мемлекеттік тілде жауап беруге қауқарлы екендігін түсіндіріп отыру керек.
«Қазақстан Республикасында қылмыстық, азаматтық, әкімшілік сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі деп анық жазылды. Ал қажет болған жағдайда сот ісінде мемлекеттік тілмен қатар орыс және басқа тілдер қолданылады деп бекітілді. Бұл жерде біздің басты назар аударып кетеріміз «жүргізіледі» деген сөз бен «қолданылады» деген сөзді ауыстыруға болмайды. Атап айтқанда бұл тұрғыда «жүргізіледі» сөзі сот процесіне байланысты, ал «қолдану» оны тек сот процесінде пайдалану дегенді білдіреді. Оның үстіне қажет болған жағдайда ғана»,-деді Жоғарғы Соттың судьясы Әділ Құрықбаев. Яғни, бұл тұрғыда айтарымыз заңның басты қасиеті - оның нормативтік актілерден жоғары екендігінде және қалай оқылса, солай қолданылуға міндетті.
«Егер, осы заңның мәтініне зер салып қарасақ, мемлекетімізде сот ісі мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде жүргізілуге тиіс. Мемлекеттік тілмен бірге орыс және басқа тілдер қолданылуы мүмкін. Алайда қажет болған жағдайда ғана. Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу және қажет болған жағдайда басқа тілдерді қолдану түсінігін теңестіріп қарауға болмайды. Біздің жіберіп отырған басты кемшілігіміз осында»,-дейді судья. Осы орайда Қазақстанда сот істерін жүргізу, азаматтық, қылмыстық, әкімшілік сот істерін жүргізу қазақ тілінде іске асырылатынын анық айтуымыз қажет. Сонымен, елімізде мемлекеттік тілді қорғайтын заңдар бар. Ал енді осы заңдардың орындалуына тоқталсақ, қазақ тілінде орындалған істердің үлесі 25 пайыздан аспайтын болып отыр. Ә. Құрықбаевтың айтуынша, 2009 жылы бұл көрсеткіш 28 пайыз болатынтұғын, ал биылға дейін 2,5 пайызға дейін төмендеп кеткен. Негізінен, бірінші сатылы соттарда қаралған қылмыстық істердің 28 пайызы, азаматтық істердің 15 пайызы, әкімшілік істердің 26 пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралып отыр. Сот істері негізінен қазақ тілінде қаралған өңірлердің арасында Қызылорда (75 пайыз), Атырау (71 пайыз), Оңтүстік Қазақстан (61 пайыз), Маңғыстау (58 пайыз) облыстары бар. «Қазақтың бүкіл зиялы қауымы жиналған Астана мен Алматы қалаларында сот ісін жүргізуде қазақ тілін қолдану мүлдем мүшкіл жағдайда, яғни жоқтың қасы»,-деді Ә. Құрықбаев.
Жоғарғы Сот төрағасы Б. Бекназаров өз сөзінде бүгінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары мен Алматы қаласындағы соттарда керісінше мемлекеттік тілде қаралған істер аз екендігін құптады. «Ең басты мәселе - республика бойынша қазақ тілінде қаралатын сот істерінің саны әлі де төмен. Бұл арада осы олқылық үшін тек жергілікті соттардың басшылары мен судьялары кінәлі деген пікірден аулақпын. Осы мәселені зерделеу кезінде іс бастапқыда қай тілде қозғалса, сот ісі де сол тілде қаралатыны көрсетіп отыр»,-деді ол.
Дегенмен, елімізде тергеу амалдары мемлекеттік тілде жүргізілсе, сот істерін қазақ тілінде қарауға қауқарлы судьялар жеткілікті көрінеді. «Қазақстан Республикасының іс жүргізу заңнамасына сәйкес, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізуге судьялардың әлеуеті толық жетеді. Қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрген 1 мың 995 судьяның 1 мың 570-і, яғни 75 пайызы сот істерін мемлекеттік тілде қарай алады», - деді Жоғарғы Сот Төрағасы. Республика судьяларының арасында қазақ тілін білмейтіндер 213 адам ғана екен. Демек, халық сотқа қазақ тілінде жүгінетін болса немесе өкілетті органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, барлық өңірлерде сот істерін қазақ тілінде қарауға қауқарлы судьялар баршылық және жеткілікті.
Сонымен қарап отырсақ, бүгінде халықтың 65 пайызы, судьялардың 75 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Ал іс жүзінде қазақ тілінде қаралатын сот істерінің саны 25 пайыздан аспайды. Байқап отырсақ, осы статистикалық мәліметтерге қарағанда, мемлекеттік тілді қолдану аясы көпшіліктің пайдасында емес.
Енді осы орайда судья Әділ Құрықбаев жан‑жақты ашып көрсеткен ел сотында қазақ тілін пайдаланудағы қарама-қайшылықтарға кеңінен тоқталсақ. Бұған екі объективті факторлар әсер етуде. Біріншісінде, ҚР Қылмыстық істерді жүргізу кодексінің 30-бабының, Азаматтық істерді жүргізу кодексінің 14-бабының және Әкімшілік істерді жүргізу кодексінің 21-бабының мәтінінде орын алған қайшылықтарды жатқызуға болады. Аталған баптардың бірінші бөлігі сот ісі мемлекеттік тілде жүргізілетіндігін көрсетсе, екінші бөлігі бірінші бөліктің маңызын жоятын нормалардан тұрады. Мәселен, 2009 жылға дейін Қылмыстық істерді жүргізу кодексіндегі аталған баптың екінші бөлігінде «бір қылмыстық іс бойынша іс жүргізу - қылмыстық процесті жүргізуші орган қаулысымен белгіленген сот ісін жүргізу тілдерінің бірінде жүзеге асырылады» деген нормалардан тұрады да, іс жүргізу тілі органның өз қалауына қалдырылды. Яғни, тергеуші өзі таңдап алатын болды. Ал енді осы бапқа 2009 жылы ұсыныс жасалып, өзгеріс енгізілді. Ол өзгерісте енді қылмыстық істі жүргізетін орган істі орыс немесе өзге тілдерде жүргізу қажет болған жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту қажеттігін дәлелдеп, дәйекті қаулы шығаратындығы бекітілді. Демек, бұнда да тергеуші қай тілде сөйлегісі келсе, сол тілде өзгертіп жүргізе береді. «Ал енді салыстырсақ, жаңағы өзгерістер енгізілгеннен кейін де, қазіргі жағдайда да ҚР Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 30- бабындағы өзгерістер тілдің мәртебесін көтеруге ешқандай ықпал ете қойған жоқ. Бәрібір сот ісін жүргізу тілі процесті жүргізуші органның таңдауына қалдырылды»,-деді судья.
Енді Азаматтық іс жүргізу кодексінің 14-бабына тоқталсақ. Оның бірінші бөлігінде сот ісі мемлекеттік тілде жүргізілетіндігі тайға таңба басқандай белгіленген. «Ал екінші бөлігінде сот ісі мемлекеттік тілде жүргізілетіні мүлдем жоққа шығарылып, «сот ісін жүргізу тілі сотқа талап-арыз берген тілге қарай сот ұйғарымымен беріледі» делінген. Демек, біз сотқа қай тілде арыз берсек, судья соны сол тілде қарауы керек»,-деді ол. Енді осыдан туатын қорытындыға сүйенсек, сонда еліміздің соттарында қазіргі заңнаманың талабына қарай кез-келген елден келген азамат өз тілінде қаратуға құқылы. «Бұндай қайшылықтар қай мемлекеттің заңнамасында бар екен. Мұндайды мен еш жерден кездестірген жоқпын»,-деді Ә. Құрықбаев.
Ал екінші объективті фактор төңірегінде бұл мәселені қаузайтын болсақ, ол қызметкерлердің қазақ тілін меңгеруіне байланысты болып отыр. Осы процесті жүргізетін органның кейбір қызметкерлері мемлекеттік тілді жете меңгермеуімен бірге, қазақ тілінде іс жүргізуге төселмеуінде болып отыр. Қылмыстық істердің мемлекеттік тілде жүргізілуі - негізінен судьяның, прокурордың, тергеушінің мемлекеттік тілді білу деңгейіне байланысты. «Бұны ашық айтуымыз керек. Мемлекеттік тілді білмейтін тергеуші қылмыстық істі орыс тілінде жүргізеді де, судья істі орысша қарайды»,-деді Ә. Құрықбаев.
Ә. Құрықбаевтың пікірінше, сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілдің қолданылмауы тілге байланысты заңдар талаптарын өрескел бұрмалау салдарынан туындаған өзіміздің жасанды проблемаларымыз. Тілге өгейлікті өзге емес, өзіміз жасап отырмыз. Қолымыздан келгенше заңға сүйеніп, тілдің пайдалануын талап етсек, қазақ тілін толық қажеттілікте айналдырған болар едік. Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу тек соттардың жұмысы емес. Бұл өзекті мәселеге қолдарында биліктері мен жарлықтары бар Ішкі істер ведомствосының, Қаржы полициясының және басқа да құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ еліміздің Бас прокуратура да баса назар аударғаны жөн.
Ал өз кезегінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай біздегі таптаурынды үрдіс бойынша кейде істі қарау үдерісі орысша қолға алынатынын сынға алды. «Алайда біздегі таптаурынды үрдіс бойынша кейде істі қарау үдерісі орысша қолға алынып, толықтай сол тілде жүргізілетіні жасырын емес. Енді осы көріністі басқаша қайта жасап, біртіндеп жүзеге асыратын мезгіл де жеткен секілді. Яғни, істі қарау мүмкіндігінше мемлекеттік тілде ғана жүргізіліп, ал қажет болған жағдайда орыс немесе өзге тілде қолданылғаны дұрыс болар еді»,-деді ол. Д. Мыңбайдың пайымдауынша, осындай ұстанымға бекінуге елімізде толықтай негіз бен шартты ресурстар бар.