Сот Қорғаныс министрінің бұйрығын заңсыз деп таныды
Сот тарапынан анықталғаны, талапкер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Генералдық штабында жұмылдыру-ұйымдастыру депртаментінің бастығы болып қызмет атқарған.
Талапкердің госпитальда стационарлық ем қабылдау кезінде, ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен атқарып жүрген қызметінен босатылып, Қорғаныс министрінің қарамағына шығарылған.
Осыған байланысты сот отырысында талапкер ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығын заңсыз деп танып, қызметіне қайта қалпына келтірілуін, бес ай мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін өтемақы өндіруін және 500 мың теңге моральдық шығынды өтеуді сұраған. Себебі, заңда көзделмеген негіздер бойынша және әскери қызметкердің басқа қызметке ауысуы туралы келісімінсіз Қорғаныс министрінің қарамағына шығарылған.
ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығы мазмұнын зерделеу барысында, талапкер ешбір негізсіз атқарып отырған лауазымынан босатылып, министрдің қарамағына шығарылған, оған қоса бұйрық ешбір құқықтық нормаларға сілтемесіз және дәлелдеусіз жасалғаны анықталды.
Жауапкердін өкілі сот отырысында, талапкердің командир қарамағына шығарылуын негіздейтін, қандай да бір басқа құжаттар жоқ екенін мойындаған.
Сонымен бiрге, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңында әскери қызметшiлердiң командир қарамағында болуының толық негiздемелерi көзделген, алайда мұндай негіздер бұйрық шығару барысында болмаған.
Осылайша, талапкер атқарып отырған лауазымынан босатылып, командир қарамағына шығарылуы Заң талаптарының бұзылып жасалғаны сот арқылы нақты анықталған.
Сот шешімімен, азамат М-нің талап арызы ішінара қанағаттандырылып, азамат М. алдыңғы қызметіне қайта қалпына келтірілді. «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі» ММ-нен мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін 1 640 582 теңге өтемақы және моральдық шығын ретінде 50 мың теңге азамат М. пайдасына өндірілді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.