Сот құжаттарының сапасы көңіл бөлуді қажет етеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі көзбен көріп, қос құлақпен естіген дүниені бір тіл ғаламға сөз етіп таратады. Тілден шыққан сөз - қия жартастағы сүрлеуден өтіп, кең жазираға жеткен тұлпар секілді. Осындай сөздерден құралған ана тіліміз ғасырлардан-ғасырларға ұштаса отырып, ұлы ақындардың сұңғыла суреткерлігін, өлең құрау мәнеріндегі ішкі ұйқастықтың ілімділігін білдіріп, би-шешендердің ой мен даналық шеберлігін түйістірген құдіретті күш болды. Еліміздің ел болып, талай нәубеттен осы заманға жетуіне тіліміз өз септігін тигізді. Осы тіл құдіретінің арқасында даналарымыз бірауыз сөзбен дау шешіп, талай қан-жоса айқастарды болдырмай, елімізді, жерімізді аман еткен.

Сот құжаттарының сапасы көңіл бөлуді қажет етеді

Eл мен ел тілінің тағдыры бір, ел та­­рихы кілем болса, тіл - осы кілемге то­қыл­ған көркем өрнек. Ел басынан өткен нәу­беттер мен зұламаттар тілге де өз әсе­рін тигізеді. Абайша «өнер, білімнің көзі - орыста» деп өсіп-өнген, Кеңес дәуі­рінде әбден құлдық сана сіңген ұрпақ өз тілінде сөлемей, тіпті өз тілінен арлануды шығарды. Заман, саясат ағымына төтеп бере алмаған қазақтың бірнеше ұр­пағы өзге елдің тілінде сөйледі, оқыды, ойлады.

Сол дәуірдің салдары - мемлекеттік тілдегі заң мәтіндеріндегі келеңсіздіктер. Заң жобаларының мәтіндерін қазақ тіліне аудару барысында осы факторлар өз әсерін тигізді. Қазақ тіліндегі мәтіні жарымжан заңдар қолданылысқа енгізіліп жатқандығы ащы болса да шындық. Сот актілерінің жобаларын әзірлеу барысында құжат мәтінін қазақ тілінің грамматикасына сай ресімдеу қажеттілігі болып тұрса да, қабылданып кеткен қолданыстағы редакциядан ауытқи алмаймыз. Осылайша қате үстіне қате жасала береді, сондықтан қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің сапасы туралы мәселені көтеру қажет. Осы орайда, осы мәселені «Заң терминологиясын қалыптастыруға ықпал етуші негізгі құжаттар - мемлекеттік деңгейдегі заңдар мен нормативті-құқықтық құжаттар мен түрлі бағыттағы құжат түрлері екендігін, қоғамдық өмірде олардың кеңінен, белсенді қолданылатындығын ескерсек, олардың қай-қайсысы да заң терминологиясын жүйелеуде басшылыққа алынатын еңбектердің қатарына жатады» деген көзқарас тұрғысынан қарастырғанда, орыс тілінен қазақ тіліне аудару барысында, мәтіндер бірдей болсын дегеннен ауытқи аламыз ба, әлде қалай деген заңды сұрақ туындайды. Дәлме-дәл аударма күрделі заң тілінің мағынасын ашып бере ала ма? Олай деп дәл кесіп айта алмайсыз, себебі орыс және қазақ тілдерінің құрылымы мүлдем бөлек. Құжат тілінің едәуір бөлігін терминдер құрайтыны және оған қойылатын негізгі талап - термин бір ұғымды білдіріп, бірыңғай түсінілуге тиіс. Құжаттарды әзірлейтін қызметкерлер мен аудармашылар жаңа терминдерді және бұрыннан қолданылып жүрген немесе түрлі өзгерістерге ұшыраған терминдерді күнделікті жұмыста дұрыс қолдана білуі керек. Ұлттық заңнама терминологиясында шешімін таппай отырған өзекті проблемалардың бірі - ресми құжаттарда, тіпті заңнамалық актілердің өзінде терминдердің бірізді болмауы. Ресми құжат жобаларының барлығы дерлік алдымен орыс тілінде әзірленіп, содан соң қазақ тіліне аударылатыны баршаға мәлім. Орыс тіліндегі мәтіндер жұмыс барысында бірнеше рет талқыланып, пысықталады. Ал қазақ тіліндегі мәтіндерде терминдер бірізділігінің сақталмауының бірден-бір себебі - орыс тілінде әзірленген ресми құжаттарды қазақ тіліне аудару жөніндегі күрделі жұмысты, яғни құжат мәтінінің қазақша нұсқасына жауапкершілікті аудармашыға жүктей салу. Тиісті саланың мамандары оқып-тексермеген терминдер аудармашының ғана ой-өрісіне байланып, кейбір өрескел қателер кетіп жататыны да осыдан. Сондай-ақ аудармашылардан құжаттардың жедел дайындалуын талап ету заң терминдерінің бірізді, ал кейбір жағдайларда мәтіндердің теңтүпнұсқалы болмауына әкеп соғады. Орыс тілінде әзірленген ресми құжаттарды қазақ тіліне аударумен айналысатын мамандар үнемі қолданыстағы заңнамаға сүйеніп, оны басшылыққа алады. Ал қолданыстағы заңнамалық актілерде жекелеген терминдер мен сөз тіркестерінің әртүрлі жазылғанын, сондай-ақ кейбір сөйлемдер мағы­насы бұрмаланып, мүлдем қате аударыл­ғанын жиі кездестіруге болады. Сол себепті, бүгінгі таңда, судьялар мен сот қыз­меткерлері сот құжаттары жобала­ры­ның қазақ тіліндегі мәтіндерінің сапалы болуына айрықша назар аудара отырып, мемлекеттік тілге барынша қолдау көрсетуі керек. Осы тұрғыдан, құжаттарды мемлекеттік тілде әзірлеу жұмысын аудармашыларға ғана жүктей салуды, қазақ тілін аударма тіліне айналдыру процесін тоқтату мақсатында сот актілерін, кез келген ресми құ­жат­ты, сот құжаттарын әзірлеумен айна­лы­сатын судьялар қазақ тілін жетік білуі және олардың қарамағындағы қызметкерлерден де осыны талап етуі қажет. Құжаттың мемлекеттік тілдегі мәтініне аудармашы ғана емес, құжатты әзірлеуге жұмылдырылған барлық қыз­мет­керлер мен олардың басшылары жауапты болуға тиіс.Аударма мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған біздің кезеңі­мізде қазақша мәтіндегі келең­сіз­діктер мамандарды бейжай қалдырмауы керек. Республикамыздың қоғамдық қа­ты­настарының барлық саласында қол­данылатын нормативтік-құқықтық актілерде тілдік нормалардың сақталуы аса маңызды. Өйткені ол мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу сияқты билік салаларында нысанға алынатын қоғамдық қатынастарды реттеудің басты құралы болып табылады. Қазақстан Республикасының тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді меңгеру, оны толыққанды күнделікті қызметтік және кәсіптік қарым-қатынас тіліне айналдыру, сондай-ақ көпшіліктің қолдауына жеткізу және оның пайдалану аясын кеңейту сияқты маңызды пайымдауларға баса назар аударылуы тиіс. Осы сот ісін жүзеге асырудағы, яғни сот актілерінің жобаларын әзір­леуде тілдік нормалардың сақталуын қамтамасыз ету қажет. Сот актісіне ресми құжат сипатын беретін оның құрылымдық элементтері мен деректемелерін жазу, тілі мен стиліне қойылатын бірқатар талаптар сақталуы қажет. Ал олардың құрылымдық бөлiктерін қалыптастыратын құқық нормаларына және тілдік норма деңгейлеріне (фонетика, лексика, сөзжасам, грамматика, морфология, синтаксис, стилистика нормаларына) сай жазылуы тиіс.Олардың жазу талаптарын сақтамау, мәселен, сөз тұлғасына, сөз тіркестері мен сөйлем құрылыстарының олқылықтарынан туындайтын грамма­ти­калық қателерге немесе сөз мәнін дұрыс түсінбеу, орынсыз пайдаланудан және т.б. сөздердің дәл мәнінде пайдаланбаудан болатын лексикалық қателерге, яғни тілдік құралдарды дұрыс пайдаланбағаннан туындайтын заң тілі мен стилінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан сот актілерінің тілдік нормаларға сай жазылуы аса маңызды. Осы тұрғыда, сот актілерінің жобаларын әзірлеу барысында олардың сапасына баса көңіл бөліп, әсіресе мемлекеттік тілдегі сот актісінің нұсқасын әзірлеудің әдістемесін жетілдіру қажет. Сонымен, мемлекеттік тіл нормалары құқықтық материалды дұрыс құрылымдауды, акт мәтінін түсінікті, анық, дәл, дұрыс жазуды қамтамасыз ете отырып, заң тілі мен стилі талаптарын сақтаудың техникасын же­тілдірудің қажетті тәсілі болып табылады.