Сот органдары браконьерлікке «онша елеулі емес қылмыс» деп қарайды - Е. Әлзақов
Оның айтуынша, соттар қылмыс құралдарын және аңдарды заңсыз аулауға қолданылған автокөліктерді тәркілей бермейді екен. «Қылмысқа қатысушылардың барлығы бірдей қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Егер қылмысты бір топ адам жасайтын болса, тергеу қылмыстық жауапкершілікке солардың тек біреуін ғана тартады, ал қалғандарын куәгер ретінде қабылдайды. Онда да сотталғандар көбінесе шартты түрде бас бостандығынан айырылады. Бұл жерде өкінішке қарай, ұсталғандардың қылмыстық әрекеттерге қатысу деңгейі нақты анықталмайды. Өйткені, бір адам әрі машина айдап, әрі ақбөкенді атып, әрі оның мүйізін кесіп алмайды ғой. Қылмыскерлер мүйіздерді дайындауға өте тыңғылықты дайындалады. Бұл жерде қатысушылардың міндеттері белгіленеді. Тіпті оларға ас пісіретін адам да қылмысқа қатысушы болып есептеледі. Егер, қаскөйлерге ауыр жазалар қолданылар болса, көп адам табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға бата алмас еді. Сондықтан, әзірге ең алдымен киіктерді қырғандарға қатысты айыппұлды көбейту қажет. Қазіргі таңда мүйізі бар бір ақбөкенді өлтіргені үшін салынатын 200 айлық есептік көрсеткіш қазіргі талаптарға жауап бере алмайды», - деді Е. Әлзақов. Ол сонымен қатар, ақбөкендердің сақталу-сақталмауы бірінші кезекте Қазақстанға байланысты екендігін, сол үшін бұл саладағы игі шараларды бүкіл әлемдік қауымдастық жіті бақылап отырғандығын жеткізді. «Ақбөкендер Моңғолияда, Қалмақ даласында және негізінен Қазақстанда сақталған. Ақбөкендер - Қазақстанның мақтанышы. Оларды сақтау, қорғау және санын көбейту мемлекеттік маңызы бар шаруа. Біз болашақ ұрпақ алдында жауаптымыз», - деді Е. Әлзақов. Айта кетелік, өткен ғасырдың 60-80-ші жылдарында Қазақстанда ақбөкендердің саны миллионнан асқаны белгілі. 40 жыл бойы ақбөкен ресми аңшылық кәсіптің нысанына және ел экономикасы үшін табыс көзіне айналды. Осы жылдар ішінде 5,5 миллион ақбөкен ұсталып, 90 мың тонна ет, екі миллион шаршы метрге жуық өте бағалы былғары және таза экспорттық өнім 250 тонна мүйіз алыныпты. Ал сол өнімдерді өткізуден түскен жылдық табыс миллиондаған АҚШ долларын құраған. Ал қазіргі таңда Қазақстанда киіктерді қорғауға қатысты қолданылған мемлекеттік шаралардың арқасында олардың саны жылдан жылға артып келеді. Елімізде киіктер үш аймақта өмір сүретіні белгілі. Бүгінгі таңда ресми деректер бойынша Бетпақдала тобында 25-30 мың шамасында, Үстірт тобында 2 мыңға жуық, ал Жайық тобында 51 мыңдай ақбөкен өмір сүреді.