Сот орындаушыларының жұмысына жаңа серпін әкелетін құжатқа артар үміт зор
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы ағымдағы жылдың қазан айының 2-інде күшіне енбек. Ақжолтай жаңалықты журналистермен арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырған Жоғарғы сот өкілдері жеткізді.
Жоғарғы сот жанындағы Сот әкімшілігі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Бақтияр Өнербаевтың айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі сот актілерінің орындалу көрсеткішін толық талапқа сай деп айтуға келмейді. Өйткені елде жылына сот актілерінің тек 75-80 пайызы ғана орындалады екен. Қалғандары осы уақытқа дейін сол орындалмаған күйінде қалып келген. Ал жеке сот орындаушылары институтын енгізу сот шешімдерінің 100 пайызға дейін орындалуын қамтамасыз етпек. Оның үстіне жаңа қабылданған құжатта жеке сот орындаушыларының құзырын кеңейтуге бағытталған көптеген баптар бар. Мысалы онда сот орындаушыларына борышкерлердің еліміздің аймағынан шығуына тыйым салуларына мүмкіндік берілген. Сонымен қатар құжатта сот орындаушыларының кейбір борышкерлерді шақыру мен хабарлау мәселесі бойынша да құзіреті кеңейтілген. Қорыта айтқанда, жаңа заң талаптары бойынша, сот орындаушыларының құзырын барынша кеңейте түседі. Жаңа заңда осы мүмкіндіктерді қарастыратын баптар 88-ден 177-ге дейін артыпты. «Бұл жеке сот орындаушыларына барынша тиімді әрі талапқа сай жұмыс істеулеріне жасалған жақсы мүмкіндік. Сонымен қатар аталмыш шара жеке сот орындаушылары мен мемлекеттік сот орындаушыларының арасында бәсеке тудырады», дейді Б.Өнербаев.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң талаптары жеке сот орындаушыларымен қатар мемлекеттік сот орындаушыларының болуын да қамтамасыз етеді. Оған сәйкес, мәжбүрлі түрде мемлекеттің пайдасына шешу немесе керісінше мемлекеттен алу мәселесін тек мемлекеттік сот орындаушылары ғана шешетін болады. Республика азаматтары өздерінің тұрып жатқан аумақтары бойынша, мемлекеттік сот орындаушысының да жеке сот орындаушысының да қызметін пайдалануға құқылы. Мұндай ұстаным екі жүйедегі сот орындаушыларының арасында бәсекелестік тудырып, олардың кәсіби біліктіліктерін арттыруға ынталандырады. Бұл ретте жеке сот орындаушысы қызметіне жоғары заңдық білімі бар, жасы 25-ке толған Қазақстан азаматы ғана тағайындалады. Әрине, жауапты мамандық иесінің осы салада бірнеше жылдық тәжірибелері де болуы керек. Жеке сот орындаушысы лауазымын иеленген азаматтың міндетті түрде өзі қызмет ететін аймақта арнайы жұмыс орны, яғни ғимараты болуы керек. Сонымен қатар олар банкте депозиттік есеп ашып, өздерінің жеке мөртабандарын дайындаулары керек. Сот орындаушысы көмекші мен тәжірибеден өткізетін маман ұстауға құқылы. Бұл ретте де сот орындаушысының көмекшісі арнайы рұқсат қағазы бар Қазақстан азаматы болуы керек. Ал оларға төленетін қаржы атқарылған істің 10 пайызының есебінен алынады. Жеке сот орындаушысы осы қажеттіліктерге керек қаржыны өзінің қызметінен түсетін кіріс арқылы өзі реттеп отырады.
Жалпы заң саласының мамандарының пікірлеріне жүгінсек, жеке сот орындаушысы институтын енгізу сот орындаушысы қызметі мен осы мамандық иелерімен байланысты бірқадау мәселелердің шешілуіне де түрткі болатын түрі бар. Бір кездері, яғни осы мәселе қоғам арасында қызу талқыланып жатқан тұста қазіргі Мәжіліс депутаты, заңгер Ирак Елекеев сот орындаушыларының қызметімен байланысты проблемалардың бірқатарына тоқталған еді. Онда депутат Мемлекеттік сот орындаушысы бүгінде мемлекеттік қызметкер екендігін, осыған қарай оның жалақысы шектеулі екендігін айтқан. Нақтырақ айтқанда 20 жылдық еңбек өтілі бар аға сот орындаушысы 51 мың теңгеден артық ала алмайды. Ал дәл қазір, негізінен, жұмыс істеп жүргендердің дені 2-3 жылдық қана еңбек өтілі бар азаматтар. Бұлардың айлық жалақылары небәрі 31-33 мың теңге немесе одан төмен екендігін ескерсек, қалыптасқан жағдай сот орындаушылары жұмысының нәтижелілігіне зардабын тигізіп отырғандығын көруге болады.
Депутаттың пікірінше, мемлекеттік қызметкер саналатын азаматтың жұмыс уақыты таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.15-ке дейін ғана. Ал іс жүзінде сот орындаушысының жұмысы кешке яғни борышкерлер жұмысын бітіріп үйіне келген кезде басталады. «Оған іздеу салу, қандай меншігі, мүлкі барын анықтау көбінесе дәл сол уақытта ғана мүмкін. Сол себептерден сот орындаушыларының шыдай алмай, жұмыстан кетуі өте жиі кездеседі. Ол да ештеңе емес, соңғы бес жыл ішінде 250-ден астам сот орындаушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Өйткені жағдай көріп отырғандарыңыздай. Біз оларды осындай әрккеттерге баруға мәжбүрлеп отырмыз», деген болатын. Ал жаңа құжаттың қабылдануына орай аталған мәселелер біршама шешімін табады деген үміт бар.
Жоғары сот өкілдерінің мәліметтерінше, аталмыш мәселе бір күннің ішінде ғана шешіле салған дүние емес. Жеке сот орындаушылар институтын енгізу мәселесін 2005 жылы өткен судьялардың IV сезінде Мемлекет басшысының өзі көтерген. «Содан бергі 4 жыл ішінде міне аталмыш институтты енгізуге қатысты қыруар шаралар атқардық десе болады. Бұл тақырыпты біз көптеген шетелдік және отандық ғалымдардың қатысуымен халықаралық және республикалық жиындарда талқыладық. Қазақстандық сарапшы мамандар осы мәселе бойынша Еуропа, Балтық жағалауы елдері мен ТМД-ға мүше мемлекеттердің бірқатарында болып тәжірибе алмасып қайтты. Сонымен қатар аталмыш тақырып, ведомствоаралық комиссияның отырысында да талқыланып, ол бойынша ақпарат құралдары арқылы да түрлі пікіралмасулар болды. Бұл бағыттағы жұмыстардың ең бастысы еліміздің Еуропалық Кеңестің Сот орындаушыларының халықаралық одағына мүше болып енуімен байланысты болды. Өйткені аталмыш ұйымға мүше болу нысанға алынған мәселенің өзге елдерде қалай жүзеге асырылып жатқандығын зерделеп-зерттеуге үлкен мүмкіндік берген еді. Сондықтан біз ұйымға мүше елдердің ғалымдары мен мамандарының қатысуымен жаңа құжаттың жобасын жасау жұмыстарына кірістік. Жалпы алғанда құжатқа Еуропа мен Балтық жағалауы елдерінің жаңалықтары мен Ресей мен Беларус мемлекеттерінің заңдарының ерекшеліктері көрініс тапты. Құжатты көптеген заңгерлер мен ғалымдар қолдады. Оның Конституция талаптарына сәйкестігі де тексерілді. Сөйтіп ол Парламенттің қарауына жіберілді. Парламенттің екі палатасының да депутаттары заң жобасын қарауға белсенді атсалысып, Мәжіліс депутаттары 400 түзету, Сенат депутатары 100 түзету енгізді. Заң жобасы бұрынғысынан да жетіле түсті. Енді ол 6 айдан соң, яғни биылғы жылдың қазан айының 2-інде іске қосылады. Ал оған дейін біз аталмыш құжат талаптарымен байланысты бірқатар заңнамалар қабылдап, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуіміз керек», деді комитет төрағасының орынбасары.