Сот сараптамасы: Қазақстанда мәйітті компьютерлік томография арқылы зерттеу енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл соңына дейін Қазақстанда сот сараптамасы саласында виртуалды аутопсия жобасы іске қосылады. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов мәлім етті.

Магниттік резонансты бейнелеу
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

- Виртуалды аутопсия жобасы өз мәресіне жетіп жатыр. Жылдың соңына дейін енгіземіз. Нақтырақ айтсақ, мәйітті хирургиялық тәсілмен ашпай, заманауи технология арқылы зерттеу ескерілген. Егер адам қылмыстықтық емес жағдайда дүниеден өтсе, виртуалды аутопсия - компьютерлік томографиядан өткіземіз, - деді Б. Байтілесов Kazinform тілшісіне берген жауабында.

Оның айтуынша, қазір бұл жобаны толық іске қосу үшін құрал-жабдықтар жеткізіліп жатыр.

- Осы бағытта тиісті әдістемелерді қабылдадық. Мамандар да оқудан өтті. Құрал-жабдық іске қосылғаннан кейін, жұмысты бастаймыз, - деді орталық басшысы.

Осыған дейін Қазақстан Түркиямен және Қытаймен ынтымақтастықты нығайтатыны туралы жаздық.