Сот жүйесі әділ болса, қоғамның көңіл-күйіне қаяу түспейді

;АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ». Жұмысын Төле би бабамыздың осы аталы сөзін басшылыққа алып жүргізетін болса, онда кез-келген мемлекеттің сот жүйесінде кемшіліктер болмас еді. Осы қағидадан ішінара іш тартып жататындықтан, Қазақстанның сот жүйесінде де бұл күндері бірқадау проблемалардың бары жасырын емес. Өз кезегінде олар қоғамның сот билігіне деген сеніміне сызат түсіріп те жатады.

Сот жүйесі әділ болса, қоғамның көңіл-күйіне қаяу түспейді

 Азаматтық қоғам құрып жатқан Қазақстанның сот жүйесіндегі өзекті проблемаларын шешу жолдары бүгін Астанада Қазақстан судьяларының V съезінде егжей-тегжейлі талқыланды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның сот жүйесіндегі кемшіліктерді тайға таңба басқандай етіп тізіп берді. «Сот жүйесінде шешілмеген мәселелер баршылық», деген Президент «ұждансыз  адамдардың сот корпусына өтіп кетуін» бірінші кемшіліктің қатарына жатқызды. «Судьялар корпусына ұждансыз адамдар өтіп кететін жағдайлар бар. Судья мамандарды іріктеудің қазіргі жүйесі біршама күрделі сүзгі екеніне қарамастан, судьялар қоғамдастығы кездейсоқ адамдардан өзін қорғай алмай отыр. Ал адал, әділетті, ұжданды, ең бастысы, сатылмайтын сот билігінің болуы бүкіл құқықтық жүйенің сапалы жұмысының міндетті шарты болып табылады», деді Мемлекет басшысы.

Елбасының пікірінше, «жекелеген судьялардың кәсіби біліктілігінің төмендігі және моральдік-этикалық бейнесінің нашарлығы» қазақстандық сот жүйесіндегі екінші кемшілік. Үшінші проблема - әділеттілікті орнатудың сапасына қатысты наразылықтар бар. Бұл кемшіліктер соттың сөзбұйдаға салуын, соттағы қателіктерді, тіпті заңды бұзушылық жағдайларын қамтиды. Төртінші проблема - сот өндірісі үдерісінің айтарлықтай жетілдірілмеуімен байланысты.  «Қазақстандық соттың әділетті болуы оның шешімдеріне қатысты», деді Н. Назарбаев. Президенттің пайымдауынша, Қазақстанның сот жүйесіндегі бесінші проблема - бұл сот шешімдерінің орындалуының дәрежесі мен сапасынан тұрады. Сот билігінің мәртебесі мен әрекеттілігі осы шешімдердің орындалуымен тікелей байланысты. Ал, алтыншы проблема  - заңнаманың жағдайына қатысты. Қолданыстағы құқықтың кемшіліктері мен ақаулығы соттағы дау-дамайларды тудыратын себептердің бірі.  «Демек, сот жүйесінде шешімін таппаған проблемалалар баршылық. Азаматтардың сот жұмысындағы кемшіліктерге шағымдануынан көптеген мысалдар келтіруге болады. Осыған байланысты бұл съезде ашық әңгіме өрбіп, осындай кемшіліктерді қалай жою жөнінде ұсыныстар болады деп үміттенемін» - деді Мемлекет басшысы съезге қатысушыларға бағыттаған сөзінде.

Қазақстанның сот жүйесінде жоғарыда айтылған кемшіліктердің бары рас. Бұндай проблемалар өз кезегінде қоғамның сот билігіне сенімсіздікпен қарауына түрткі болып жатады. Содан да болса керек, бұл күндері жекелеген азаматтардың аудандық, қалалық, одан қалса облыстық соттардың шығарған шешімдеріне наразылық танытып, әділдік іздеп Жоғарғы сотқа шағымданып жатады. Ондай шағымдар Жоғарғы сот тарапынан кей-кейде қанағаттандырылып жатса, кей жағдайда заңды белден басқан азаматтардың қолымен істегенін мойнымен көтеруге дәрмендері жетпей, болсын-болмасын судьяларды қаралап, сот жүйесіне кейістік танытып жататын жағдайлар да кездеседі. Қалай десек те, өркениетті елдердің қатарына қосылып, толыққанды азаматтық қоғам құруға ұмтылып жатқан Қазақстан үшін сот жүйесі жұмысының мүлтіксіз болуы, судьялардың ардан аттамай, ұжданды ұлықтап, адамгершілік құндылықтарды жоғары қоя отырып, әділетті болуы аса маңызды. Бұл қағида демократиялы, зайырлы, азаматтық қоғамның маңызды құрамдауыштарының бірі болса керек. Дейтұрғанмен, бұл тұста елімізде бұрнағы кездерге қарағанда сот жүйесінің ашықтығын, әділеттілігін қамтамасыз етуде, судьялардың мәртебесін көтеруде қыруар жұмыстар тындырылғанын да айтып өткен жөн. Бұл жүйедегі қоғамның жегі құртына айналған жемқорлықты жою үшін мемлекет судьялардың жалақысын анағұрлым көтерді. Оларды баспанамен қамтамасыз етуде. Бұл күнде судьялар еліміздегі ең жоғары жалақы алатын мемлекеттік қызметкерлердің қатарында. Ресми мәліметтер бойынша, тек биылдың өзінде  сот жүйесін дамытуға 20,5 млрд теңге бөлініпті. Мемлекеттің бұндай қадамы әрине біртіндеп тиімділігін көрсетіп,  жемісін беруде. Бүгінде елімізде «малым жанымның, жаным арымның садағасы» дейтін қағиданы қатаң ұстанатын судьялардың шоғыры қалыптасты. Бұрынғыдай емес, қоғамның да сот жүйесіне деген көзқарасы позитивті жаққа қарай өзгере бастады. Алайда, бұл айтылғандардың ешқайсысы тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға негіз болмауы тиіс. Керісінше, сот жүйесіндегі әлі де бар кем-кетікті қымтап, кемшіліктерді жою үшін «тас қопарып, тау құлататын» жұмыстар жетерлік. Бұл ретте ең маңыздысы - судьяларды іріктеу мәселесіне келіп тіреледі. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде», демекші кімнің пиғылы қандай екенін ешкім тап басып айта алмайды. Оның үстіне рухани құндылықтан гөрі, материалдық құндылық салтанат құрып тұрған мына заманда «бармақ басты, көз қыстымен» қызметке ілігіп, «бір қарын майды» шірітіп жүргендер де бар біздің қоғамда. Қандай да бір саладағы кемшіліктердің көпшілігі көп жағдайда солардың кесірінен болып жатады. Өкінішке қарай, бұл кемшіліктен сот жүйесі де ада емес. Сондықтан да болса керек,  бүгінгі құрылтайда осыған тосқауыл қоюға айрықша маңыз берілді. Мемлекет басшысы судьяларды іріктеудің кәсіби біліктілік талаптарына моральдік-этикалық нормаларды да енгізу қажеттігін қадап айтты. «Судьяларды іріктеудің кәсіби біліктілік талаптарына моральдік-этикалық нормаларды қоса алғанда, судьялар мен судья қызметінен үміткерлер үшін жоғарғы өлшемдер мен стандарттарды әзірлеп, қолданысқа енгізу қажет», -деді Президент өз сөзінде.

Елбасының  пайымдауынша, лауазым иелері судья қызметіне тағайындауға өздері таныстырған үміткерлер үшін мойындарына жауапкершілік алулары тиіс. Бұл ретте азаматтардың сот жүйесіне деген сенім деңгейін көтеру үшін барлық шараларды қолдану қажет. Мемлекет басшысы сот жүйесін жетілдіру үшін тағы бірқатар ұсыныстар жасады. Мәселен, Президент соттардың төрағаларын соттардың судьяларының қатарынан жиі ауыстырып отыру тәртібін енгізу керектігін айтты. «Олар бес жыл қатарынан отырмауы керек. Мүмкін әрбір соттағы сот төрағасын екі жылда бір рет ауыстыру қажет шығар, соны қарастыру керек», - деді Президент. Сондай-ақ, Елбасы судья қызметіне тағайындайтын үміткерді анықтауда құпия дауыс беру қағидатын енгізуді ұсынды. Бұдан бөлек, инновациялық технологияларды қолдану арқылы сот өндірісін жетілдіру қажет деген пікірін білдірді. «Сот өндірісін жетілдіру инновациялық технологияларды кеңінен қолданумен байланысты. Озық сот тәжірибесі дегеніміз - қағаз түріндегі құжат айналымынан бас тарту, электронды технологияларға көшу», - деді Президент. Мемлекет басшысының тағы бір қойған міндеті - мамандандырылған соттар жүйесін кезең-кезеңімен енгізу. Бұл әділеттілікті сапалы орнату мүмкіндігін жолға қою және азаматтардың құқығын сенімді қорғау үшін қажет дүние. Сонымен бірге, Президент Сот әкімшілігі комитетінің мәртебесін көтеру үшін келешекте оны Жоғарғы соттан бөлу қажеттігін, сондай-ақ соттарға өздеріне тән емес функциялар берілмеуге тиістігін айтты. «Соттар мен судьяларға өздеріне тән емес функциялар берілмеуге тиіс. Соттың жалғыз әрі басты мақсаты - әділеттілік орнату. Осыған байланысты сот әкімшілігі мен әділеттілік орнату функцияларының ара жігін айқын ажырата отырып, сот әкімшілігі жүйесін одан әрі дамытудың маңызы зор», - деді Н. Назарбаев.

Осылайша Қазақстан судьяларының V съезінде республикамыздың сот жүйесіндегі қордаланып қалған қадау-қадау проблемалар ашық айтылып, оларды еңсерудің нақты жолдары көрсетілді. Айтылған сөз- атылған оқ. Олай болса, ендігі міндет - сот жүйесіндегі кемшіліктерді түзеп, судьялардың біліктілігін арттыруға бағытталуы тиіс. Елбасының сөзімен айтқанда «сот билігі үшін көп нәрсе жасалды, сол себепті біздің қоғамның Қазақстанның судьялар корпусынан сот әрдайым заң мен әділеттіліктің сенімді тірегі болады деген жұмысты күтуге қақысы бар».