Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сот жүйесінде жаңа ілкі жоба жүзеге асырылмақ - БҚО

ОРАЛ. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының өкіміне сәйкес, Батыс Қазақстан облысы соттарында сот процесіне қатысушыларды сот отырысының уақыты мен орны жөнінде ұялы телефон байланысының абоненттік нөмірі бойынша жолданатын хабарламалар (SMS) арқылы шақыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Сот жүйесінде жаңа ілкі жоба жүзеге асырылмақ - БҚО

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, ілкі жобаны биылғы қыркүйек айының 1-і мен 30-ы күндері аралығында «Қазақтелеком» АҚ-ның көмегімен және сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесін (БААТЖ) қолдану арқылы жүзеге асыру көзделуде.

 Қазіргі уақытта еліміздегі азаматтардың басым көпшілігі заманауи ұялы телефондардың қызметін пайдаланатындықтан, сотқа қатысушы тараптарды SMS-хабарламалар арқылы сот мәжілісінің өткізілетін күні мен орны жөнінде хабарландыру өзекті мәселенің бірі болып отыр.

Сот процесіне қатысушыларды сот отырысының уақыты мен орны жөнінде ұялы телефон байланысының абоненттік нөміріне SMS-хабарлама жолдау арқылы шақыру үшін сотқа шағымданушы тұлға Батыс Қазақстан облысының тиісті сотына шағым келтірген уақытта талап арызда өз ұялы телефонының нөмірін көрсетуі қажет, егер белгілі болған жағдайда жауапкерлердің де ұялы телефонының нөмірін көрсетуге болады.

Сонымен бірге тараптар сот процесіне өздерін SMS-хабарламалар арқылы шақыруға ниет білдірген жағдайда өз ұялы байланыс нөмірлерін сот мәжілісінің хатшыларына қалдыру арқылы қол жеткізе алады.

Атап өтетін жайт, жоғарыда көрсетілген мерзім ішінде электрондық SMS-хабарламаларды қолдану процеске қатысушыларды дәстүрлі тәсілдерді қолданып шақырумен қатар жүргізілетін болады.