Сотта прокурор Bek Air ұшағының апатына кімдер кінәлі екенін айтты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Түрксіб аудандық сотында 2019 жылы болған Bek Air ұшағының апатына қатысты соттың жарыссөзі өтті.
 
                                              Сот залында айыпталушылар орындығы бос тұр. Себебі іс бойынша айыпталушылар ретінде көрсетілген ұшқыштар - Мейіржан Молдақұлов пен Марат Мұратбаев апат кезінде қаза тапты.
Жарыссөз кезінде прокурор Айдос Палманов ұшақ апатына әуе кемесін басқарған ұшқыштар кінәлі екенін айтты.
– Әуе апаты салдарынан 13 адам қаза тапты. 53 адам әртүрлі дене жарақатын алды: 10 адам ауыр, 19 адам орташа, 21 адам жеңіл жарақат алды. Тағы 3 адам соққы мен жарақат алған, бірақ олардың денсаулығына келген зиян дәрежесі анықталмаған. Соттан ұшқыштар - Марат Мұратбаев пен Мейіржан Молдақұловты кінәлі деп танып, олардың қайтыс болуына байланысты қылмыстық жаза қолданбауды, ал жәбірленушілердің азаматтық талаптарын толық көлемде қанағаттандыруды сұраймын. «Bek Air» АҚ-нан жәбірленушілердің пайдасына моральдық және материалдық залал ретінде 4 870 292 195 теңге және 7 мың АҚШ долларын өндіріп беруді сұраймын, - деді мемлекеттік айыптаушы.
Прокурордың айтуынша, экипаж мүшелері Қазақстанның авиациялық нормативтік актілерінің, ұшақтың техникалық және пайдалану құжаттарының, әуе кемесін пайдалану және техникалық қызмет көрсету жөніндегі нұсқаулықтардың, сондай-ақ ICAO (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) стандарттары мен Bek Air компаниясының ішкі құжаттарының талаптарын бұзған.
– Бұл ережелердің сақталмауы салдарынан әуе кемесі қанаттарында мұз және қардың жиналған. Бұл жағдай экипаждың мұздану жағдайындағы қате іс-әрекеттерімен қосылып, адам өліміне әкелген апатқа себеп болды, - деді ол.
Сонымен қатар апат салдарынан Алматы халықаралық әуежайына жалпы сомасы 22 895 256 теңге материалдық шығын келтірілгені хабарланды.
– Әуе кемесінің командирі Мұратбаев пен екінші ұшқыш Молдақұлов ұзақ жылдық тәжірибесіне сеніп, өз кәсіби дағдыларына арқа сүйей отырып, немқұрайлық пен өзімшілдік танытқан. Олар өз әрекетінің қауіпті салдарын алдын ала болжаса да, техникалық құжаттаманың талаптарын орындамаған. Осылайша әуе көлігін пайдалану ережелерін бұзып, абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне, сондай-ақ ауыр және орташа дене жарақаттарына және ірі көлемдегі материалдық залалға әкелген. Бұл әрекет Қылмыстық кодекстің 344-бабының 3-бөлігі бойынша бағаланады, — деді прокурор.
Бұған дейін сотта Bek Air ұшақ апатының себебін дәлірек анықтау үшін жасанды интеллект сараптамасын пайдалану ұсынылды. Сондай-ақ сот Bek Air әуе компаниясының мүлкіне шектеу қойды.
Еске салайық, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астана қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.
Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.
2021 жылы Алматы облысының Талғар аудандық соты әуежай маңындағы жер учаскелерін заңсыз сатқан бұрынғы шенеуніктер мен риэлторға қатысты үкім шығарды.