«Сотталған адамның сақалы қырқылады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 16 сәуір, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Сотталған адамның сақалы қырқылады» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Ақтөбеде алаяқтардың жолы болып тұр. Құқық қорғау органдары тарапынан қаншама қарекет жасалғанымен де алаяқтар алдағандар қатары көбейіп кетті. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің өзі де мойындағандай, алаяқтардың, соңғы кездері бағы жанған сыңайлы. Бұл жайында газетте «Алаяқтар азаймай тұр» деген мақаладан оқи аласыздар.

Осы басылымда « Ауа қашан түтіннен тазарады?» деген көлемді мақала басылды. Жуырда ғана облыстық мамандандырылған экономикалық соттың баспасөз қызметі арқылы Екібастұздағы ГРЭС-2 АҚ стансасы қоршаған орта, өңір экологиясына зиян келтіргені үшін 2 млрд. теңгеден артық айыппұл төлейтіні хабарланды. Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне қарасты облыстық экология департаменті ГРЭС-2 стансасы АҚ қоршаған ортаға залал келтіріп, рұқсатсыз эмиссия жасағандықтан, станса келтірген шығынды өтеуін талап етіп сотқа шағымданған көрінеді. Заң жүзінде бұл - өндiрiстiк экологиялық бақылауды жүргiзу талаптарын бұзу, қоршаған ортаға экологиялық рұқсатта белгiленген эмиссиялар нормативтерiнiң асып кетуi, не экологиялық рұқсаттың болмауынан деген сөз. Жалпы, өткен жылы еліміздің бірқатар кәсіпорындары экологиялық талаптарды бұзғандары үшін 45 млрд. теңге айыппұл төлесе, 8 мыңнан астам экологиялық заң бұзу әшкереленіпті.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, еліміздің жаңа «Қылмыстық атқару кодексінде» бас бостандығынан айырылғандарға сақал жіберуге тыйым салу қарастырылып отыр. Кодекс жобасына осындай тосын норманың енгізілгендігін кеше Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова растады. Осы күні, палатаның Заңнама және сот-құқықтық комитетінің отырысында, негізінен, түзеу мекемелеріне қатысты осы «заңдар жинағы» екінші оқылымда талқыланған болатын. Онда басқа да елең еткізерлік жаңалықтар бар. Мысалға, түрменің ар жағына «сәлемдемелер» жіберуге тыйым салынуы мүмкін. Жалпы, Елбасының тапсырмасына сәй­кес жазылған Қазақстанның жаңа Қылмыстық атқару кодексінің жобасы Мәжіліс қоржынына 2013 жылдың қазанында түскен екен, содан бері ол жұмыс тобының 55 отырысында талқыға тартылыпты. Бұған дейін палата өзінің жалпы отырысында кодексті «бірінші оқылымда» мақұлдап та үлгерген. Енді екінші оқылымға әзірлік барысы жүргізілуде. Кешегі басқосуда құжат бойынша жұмыс тобының жетекшісі Светлана Бычкова баяндама жасады. Оның айтуынша, кодекс жобасында «бостандықтан айыруға сотталғандардың құқықтарына, олардың міндеттеріне қатысты, сондай-ақ тыйым салуларды белгілейтін бап бар». Бұл туралы газеттің бүгінгі санындағы «Сотталған адамның сақалы қырқылады» атты мақалада берілген.

Осы басылымда «Қанша мұнайшы қажет?» деген мақала жарияланды. Көптеген қазақстандықтар мұнайшы болып, ай сайын мол, миллиондаған теңге табыс табуды армандайды. Осы орайда депутаттар Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннен Қазақстан аумағында алда тағы қанша жергілікті мұнайшыға сұраныс болатындығын сұрастырды. Сөйтсе, дәл осы мәселе министрліктегілерді де қызықтырған екен. Сондықтан көкейді тескен сауалға жауап іздеп, жан-жаққа олар да сұрау салыпты.Мұнайлы аймақтардан сайланған бірқатар сенаторлар мұнайшылардың бәрінің бірдей миллиондап табыс табатындығы «аңыз» дейді. Бұл «аңыз» әртүрлі жарнамалар мен хабарландырулардан қоректенетінге ұқсайды. Әр түрлі алпауыт мұнай компаниялары арагідік жоғары білікті басқарушы мамандар іздейді, «жалақысы айына 5-10 мың доллар» дейді. Бірақ көп жағдайда кейіннен ол орынға кандидатты «Қазақстаннан табылмады» деп, шетелден алғызады. Бірақ соған қарамастан, тіпті қатардағы мұнайшы мамандығына деген қызығушылық жоғары болып тұр.

***

«Жас қазақ» басылымында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының меңгерушісі, академик Ғарифолла Есіммен арадағы сұхбат берілген.

«Қазақ жастары қандай кітап оқуы керек? Міндетті түрде оқитын бір кітап бар. Ол - «Абай жолы». Оны оқудағы мақсат бар. Қазақ деген ұғым қазір нақтыланбай тұр. «Қазақ кім?» деген сауалға нақты жауапты кім айта алады, менде оны білмеймін. Менен сұраса, менде қиналып қалам. Тек жақсы қазақ деп қана бір қырларын айтып жатырмын. Ал осы қазақтың кім екенін «Абай жолынан» табуға болады. Ондағы жақсы қазақ - Абай. Абайдың жақсы қазақ екеніне дау жоқ. Абайды төрт кітабында суреттеген екінші бір жақсы қазақ - Мұхтар Әуезов. Екі жақсы қазақ бір кітапта тұр. Қазақтың бейнесі тұр. Және оған өзіміздің түсінігімізді қоссақ біздің қазақ туралы білеріміз толығар еді. Кезінде «Абай жолын» академик Қаныш Сәтбаев: «Бұл қазақ халқының он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы энциклопедиясы» деген керемет пікір айтқан. Оның геройы -Абай, жазып отқан кемеңгер - Әуезов. Қазақты осы шығармадан іздеу керек. «Абай жолын» оқығанда дұрыстап оқу керек. Мен «Хакім Абай», «Данышпан Шәкәрім» деген екі еңбек жаздым. Енді «Кемеңгер Мұхтар» дегенді жазып жатырмын. Бұл шығармаларда менің негізгі айтар ойым қазақ кім дегенге жауап іздеу. «Абай жолын» он жыл сайын қайта-қайта оқуымыз керек. Он жылда адам толысады, түсінік те өзгереді»,-дейді академик. Бұл сұхбат «Ғарифолла Есім: «Менің датым - сананы тәуелсіз ету...» деген тақырыппен көпшілік назарына ұсынылып отыр.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Золотой холодильник» атты мақала берілген. Бүгінге белгісіз біреулер Қазақстанда ескі тоңазытқыштарға сұранысты ынталандырып отыр. Атап айтқанда, сатып алушылар осы көне тұрмыстық техника үшін, яғни «Зил-Москва» моделімен елге танылған тоңазытқышты үш-төрт мың доллар көлемінде алуға уәде етуде. Интернетте осы тоңазытқыштың өндірісінде «қызыл сынап» пайдаланылды деген аңыз таратылып отыр. Бұл металл сатып алушылар үшін үлкен құндылыққа ие екені де барынша жарнамаланып келеді. Осы тектес жарнамалар Қазақстан, Ресей және Қырғызстанда да пайда болған екен. Алайда, пиар бойынша Бауыржан Сәбитов есімді маман тоңазытқыш айналасындағы бұл жарнаманы алаяқтық деп санайды.