Сотталып жатқан жамбылдық кәсіпкер Сұлтан Махмадов қырғыздың «Манас» әуежайында ұсталды
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Бүгін Тараздағы №2 қалалық сотта сот мәжілісі өтіп, онда жамбылдық «БМ» компаниясының иесі Сұлтан Махмадовтың қылмыстық ісі бойынша айыптау үкімі шығарылуы керек болатын.
Бірақ, салық төлеуден жалтарғаны және жариялау мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құпия мәліметтерін ұрлағаны үшін айыпталып отырған С.Махмадов қашып кетті.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жамбылдық департаментінің ақпараты бойынша, С.Махмадов 9 ай бойы арнайы қызметтың бақылауымен үйқамақта отырып келген. Кешеге дейін жағдай қалыпты болған. Бірақ, кеше түстен кейін С.Махмадов демаламын деп, екінші қабаттағы бөлмесіне кіріп кетеді. Есіктің сыртында, дәлізде отырған күзет 60 жастағы кәсіпкердің екінші қабаттан секіріп, белгісіз жаққа кетіп қалғанын білмей қалады.
Арнайы қызмет пен құқық қорғау органдары бірлесіп «Перехват» операциясын жариялайды, қашқынның бет алуы мүмкін жақтарға қатысты түрлі долбарлар қарастырылады. Соның бірі Қырғызстандағы "Манас" әуежайы. Мәскеу рейсімен ұшқалы тұрған жерінде Қырғызстанның «Манас» әуежайында оны қырғыз сақшылары ұстайды.
Қазір оны экстрадициялау мәселесі шешілуде.