19:05, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Соттардың тұтқындау шараларын санкциялауы жұмыстары өзін ақтады ? М.Әлімбеков
АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен жылы еліміздің алқабилер сотының қатысуымен 78 азаматқа қатысты 42 іс қаралды.

Олардың 5-еуі ақталып шықты. Болашақта аталмыш сот өкілдерінің қатысуын барынша кеңейту қажет. Бұл туралы бүгін журналистермен кездесуі барысында Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Мұсабек Әлімбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мұсабек Әлімбековтың айтуынша, өткен жылдың тамыз айынан бастап күшіне енгізілген тұтқындау шараларын соттардың санкциялауы жөніндегі бастама өзін ақтады. «Бір жылдың ішінде соттар тұтқындау шараларын санкциялау мен 7 мың 72 азаматтың тұтқында болу мерзімін ұзартуға қатысты істерді қарап, олардың 98 пайызын қанағаттандырды. Бұл бағыттағы шараларға жүргізілген сараптама жұмыстары санкцияны соттар бере бастағалы бері тұтқынға алынған адамдардың саны 12,4 пайызға қысқарғандығын көрсетті. Біз қазір елімізде соңғы жылдары соттардың жұмысын жетілдіруге байланысты қабылданған заңдар мен жаңа құжаттар негізінде қызмет етудеміз. Соттар бұрынғы ескі ережелерден арылып, олардың материалдық-техникалық базалары жаңартылды. Сондай-ақ осы кезде соттардың мәртебесіне деген көзқарас та өзгеріп, олардың тәуелсіздігін нығайту жұмыстары жандануда», - деді алқа төрағасы. Оның пайымдауынша, бүгінде соттардың қызметі өзінің өміршеңдігі мен қажеттілігін көрсетіп отыр. Ал жасөспірімдер соты мен алқабилер сотының жолға қойылуы сияқты өзге де бастамалар сот саласында соңғы уақытта үлкен, тың өзгерістер жүргізілгендігінің дәлелі іспеттес.