Сотты тікелей эфир арқылы өткізу – халықтың құқықтық мәдениетін көтереді – Бауыржан Азим
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бүгінде цифрландыру – сот жүйесінде де нәтижелі іске асып жатыр. Тіпті, сот отырыстарын тікелей эфир арқылы көруге болады. Электронді іс жүргізуде де тың тәжірибелер қолданылып жүр. Сот саласындағы өзге де жаңашылдықтар туралы ҚР Сот әкімшілігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Азим Бауыржан Абубакирұлымен сұхбаттастық.

– Бауыржан Абубакирұлы, сот десе біздің көз алдымызға судья келеді. Ал, сот жүйесінде сотпен қатар Сот әкімшілігінің қызметкерлері жұмыс істейді. Осы орайда, Қазақстандағы Сот әкімшілігі жайлы айтып өтсеңіз...
– Қазақстандағы Сот әкімшілігі туралы сөз бастамас бұрын, оның әлемдік түрлерін атап өтейін. Негізінен Сот әкімшілігінің әлемде үш негізгі модель қолданылады:
1) Әділет министрлігі жанынан (Финляндия, Латвия, Эстония);
2) Жоғарғы Сот жанынан (Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы);
3) автономды модель (Дания, Ирландия, АҚШ, Литва).
Жаһандық ауқымда бірыңғай тәсілдердің болмауы қандай да бір модельдің тиімділігіне қатысты пікірталас туғызып отыр. Сондықтан 2023 жылдан бастап Қазақстан үздік тәжірибелерді ескеріп, сот әкімшілігінің өзіндік моделін енгізді. Қазақстан егемендікке қол жеткізгеннен кейін соттарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету, қаржыландыру және кадрлық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар Әділет министрлігінің қарамағында болды. Ол үшін Әділет министрлігінің құрылымында Сот жүйесінің жұмысын ұйымдастыру департаменті жұмыс істеді.
Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту және сот қызметіне әділет органдарының ықтимал араласуын болдырмау мақсатында «Сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту жөніндегі шаралар туралы» 2000 жылғы 1 қыркүйектегі № 440 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанынан Сот әкімшілігі жөніндегі комитет (бұдан әрі – Комитет) құрылды, оған соттардың қызметін қамтамасыз ету функциялары берілді. Осылайша Сот әкімшілігі атқарушы биліктің қарамағынан шығарылған болатын. Комитет жергілікті соттарды, судьялардың жалпы штаттық санын, білім беру, қайта ұйымдастыру немесе жою бойынша ұсыныстар әзірледі, судьялардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етті, судьялар мен атқарушылық іс жүргізу органдары қызметкерлерінің жүктеме нормативтерін әзірледі, сот приставтарының қызметіне ұйымдастырушылық және әдістемелік басшылықты, жергілікті соттарда сот статистикасын жүргізуді және т.б. жүзеге асырды.
Сот әкімшілігі жүйесін жаңарту мақсатында «Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» 2010 жылғы 17 тамыздағы №1039 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Комитет базасында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) (бұдан әрі – Департамент) құрылды.12 жыл ішінде Департамент бюджетті әкімшілендіруден және сот жүйесінің инфрақұрылымын дамытудан басқа кадрлық және ұйымдастырушылық-құқықтық мәселелермен, сот жүйесін цифрландырумен, мемлекеттік қызметтер көрсетумен және т.б. айналысып келді. Бұл ретте департаменттің және оның аумақтық бөлімшелерінің мәртебесі мен өкілеттіктері соттардың жұмысын жақсарту жөніндегі міндеттерді толық көлемде іске асыруға, құқық қорғау, орталық және жергілікті атқарушы органдармен толық өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндігі шектелді, осы тән емес функциялар сот төрағаларына жүктелді.
Сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету, сот жүйесін одан әрі жетілдіру және сот әкімшілігінің тиімділігін арттыру мақсатында «Сот әкімшілігін жаңғырту жөніндегі шаралар туралы» 2022 жылғы 8 қыркүйектегі №1002 Мемлекет басшысының Жарлығымен Департамент мәртебесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің аппаратына теңестірілген Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі болып қайта құрылды.
Оның міндеттері:
– сот әкімшілігі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру;
– сот төрелігін тәуелсіз жүзеге асыру үшін қажетті әрі жеткілікті жағдайлар жасау;
– сот жүйесі мен соттардың қызметін жетілдіруге бағытталған жүйелі реформаларды әзірлеу болып белгіленді.
Жаңа мәртебе Сот әкімшілігіне және оның департаменттеріне сот төрағаларын өзіне тән емес әкімшілік функциялардан босатып, мемлекеттік органдармен және қоғаммен тиімді өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік берді.Іске асырылып жатқан саясат шеңберінде соттарды оңтайландыру, олардың инфрақұрылымын жақсарту және судьялар мен сот қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл реформаларда БҰҰ-ның судьялар мен адвокаттардың тәуелсіздігі жөніндегі арнайы баяндамашысының ұсыныстары негізге алынды.
– Сөзіңізге қарасам, сот жүйесін цифрландыруды сот әкімшілігі қамтамасыз ететін көрінеді. Осы орайда сот жүйесіндегі цифрландыру туралы қысқаша айтып беріңізші...
Сот қызметінің барлық кезеңі цифрландырумен қамтылған: талап қоюлар мен құжаттарды беру, істерді автоматтандырылған бөлу, электрондық істер мен хаттамалар (сот процестерін аудио, бейнетіркеу), істерді қашықтан және эксаумақтық қарау, сот актілерін цифрлық көмекшілер арқылы дайындау, сот істерімен онлайн танысу.
Электрондық сот ісін жүргізуден SMART-сот төрелігіне көшу жүзеге асырылды. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы сот ақпаратын қоса алғанда, деректермен алмасу процесін жеделдету үшін бірыңғай ақпараттық кеңістік құрылды.2022 жылдан бастап соттарда жасанды интеллект элементтері, оның ішінде роботтандыру енгізілуде.
2023 жылдың желтоқсан айынан бастап жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, «Сот практикасының цифрлық талдауы» іске қосылды. Бағдарлама сот шешімдерінің мәнін түсінуге, оларды бір-бірімен салыстыруға, даудың белгілі бір түрі бойынша ауытқуларды анықтауға үйретілген. Бұл құрал бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға көмектеседі, өйткені талап қою кезінде судья ұқсас істерді сотта тіпті кассацияда қарау нәтижелерін көреді.
Сот практикасын қорытуларды сақтау платформасы іске асырылды. Ол «Сот практикасы» сервисімен интеграцияланған, судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлеріне істердің нақты санаттарын іздеу бойынша сот актілеріне, сот практикасын қорыту мен талдауға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Соттармен өзара әрекеттесуді оңайлататын және судьялардың жұмысын жеңілдететін басқа да электрондық қызметтер жұмыс істейді.
Сонымен қатар сот отырыстарын онлайн форматта әлеуметтік желілер арқылы өткізу тәжірибесі қолданылып жүр. Нәтижесінде, сот процестері әлеуметтік желілердің қолданушылары үшін тікелей эфирде ашық жүргізілді. Мұндай қадам жұрттың сот жүйесіне сенімін нығайта түсті деуге болады. Сот процестерін тікелей эфир арқылы өткізудің тағы бір ұтымды тұсы бар. Азаматтардың құқықтық сана-сезімі өзгеріп келеді.
Заңгер мамандығына деген қызығушылық артты. Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады. Мұның бәрі қоғамда кәсіби маман болу құндылығын дәріптеуге мүмкіндік береді. Меңінше, сотты тікелей эфир арқылы өткізу жұрттың құқықтық мәдениетін көтеруге оң әсерін тигізетін болады.
Сонымен қатар мұндай практика елімізде Заң мен Тәртіп қағидатын орнықтыра түседі. Әділ сот – еліміздің тірегі. Сондықтан сот билігі қашанда мінсіз болуы керек деп санаймын.
– Білуімізше, Сіз департамент басшысының орынбасары ғана емессіз. Әдіп жөніндегі уәкіл қызметін атқарасыз. Бұл қандай қызмет?
– Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметі – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың алдын алуды қамтамасыз ету қызметін жүзеге асырады. Сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес беретін мемлекеттік қызметші деуге болады.
Әдеп жөніндегі уәкіл өз құзыреті шегінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:
– Мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Респубикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің тараптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді;
– Мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына ықпал етеді;
– өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзуфактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;
– ұжымда жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес келетін өзара қатынастар мәдентетін қалыптастыруға жәрдемдеседі;
– Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды.
– Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады.
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік қызметшілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
– заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті лауазымды адамдарға қызметтік әдеп нормаларын бұзуға жол берген мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қарау туралы ұсыныммен жүгінеді;
– қызметтік әдеп нормаларын бұзудың профилактикасы мақсатында өзге де қызметті ұйымдастырады.
– Уақыт бөліп, сүбелі сұхбат құрғаныңыз үшін алғыс білдіреміз.