«Союз МС-28» халықаралық экипажы Қазақстанға сәтті қонды
АСТАНА. KAZINFORM — «Роскосмостың» екі ғарышкері мен NASA астронавты Халықаралық ғарыш станциясындағы 241 күндік экспедициясын аяқтап, Қазақстан аумағына сәтті оралды.
«Союз МС-28» ғарыш кемесі Астана уақытымен сағат 12:03-те ХҒС-тың «Рассвет» модулінен ажырады. Сағат 14:32-де тежеу қозғалтқышы іске қосылып, кеме орбитадан шығып, Жер атмосферасының жоғарғы қабаттарына бағыт алды.
Атмосфераға кірер алдында кеме үш бөлікке бөлінді. Орбиталық және аспаптық-агрегаттық бөлімдер атмосферада жанып кетті. Экипаж тек қонуға арналған капсулада – түсетін аппаратта сапарын жалғастырды.
Алдымен атмосфераның кедергі күші капсуланың жылдамдығын төмендетті, ал жылудан оны арнайы қорғаныс қалқаны сақтады. Кейін негізгі парашют ашылып, жерге жанасар сәтте жұмсақ қону қозғалтқыштары іске қосылды.
Түсетін аппарат Астана уақытымен сағат 15:27-де Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 147 шақырым жердегі қазақ даласына қонды. Қону қалыпты режимде өтті. Экипаж мүшелерінің жағдайы жақсы, оларды іздестіру-құтқару қызметінің мамандары қарсы алды.
Жерге кеме командирі Сергей Кудь-Сверчков, ғарышкер Сергей Микаев және NASA астронавты Кристофер Уильямс оралды. Бұл Микаев пен Уильямс үшін алғашқы ғарыш сапары болса, Кудь-Сверчков үшін екінші миссия болды. Айта кетерлігі, экипаж командирі қазіргі Байқоңыр қаласы саналатын бұрынғы Ленинск қаласында дүниеге келген.
Экспедиция 2025 жылғы 27 қарашада Байқоңыр ғарыш айлағынан басталды. Осы уақыт ішінде экипаж Жерді 3 856 рет айналып өтіп, 164 миллион шақырымнан астам қашықтықты еңсерді.
Миссия барысында Сергей Кудь-Сверчков пен Сергей Микаев алты сағаттан астам уақыт ашық ғарышта жұмыс істеп, «Звезда» модуліне ғылыми жабдық орнатты. Ал Кристофер Уильямс екі рет ашық ғарышқа шығып, ХҒС-ты жаңа күн батареяларын орнатуға дайындауға және роботтандырылған манипуляторды жөндеуге қатысты.
Жерге оралмас бұрын Сергей Кудь-Сверчков ХҒС-тың Ресей сегментіне басшылықты Петр Дубровқа тапсырды. Дубров станцияға 14 шілдеде Анна Кикина және Анил Менонмен бірге «Союз МС-29» кемесі арқылы келген болатын.
Алғашқы медициналық тексеруден кейін экипаж тікұшақпен Қарағандыға жеткізіледі. Кейін Кристофер Уильямс АҚШ-тағы Хьюстон қаласындағы Джонсон ғарыш орталығына, ал Сергей Кудь-Сверчков пен Сергей Микаев Ресейдегі Жұлдызды қалашыққа аттанады.