Сөз қадірі...
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Айтшы, айтшы деп жалынар, Айтпай жатып жалығар» дейді Абай. «Қайран сөзім қор болды» дейтіні тағы бар. «Қайран сөз» - өзіне, сөзіне сенімді жанның жан айқайы. Әбіш Кекілбаев: «Ол ақындықты көптің көңілін табатын өнер деп емес, көптің көзін ашып, жұртты оңға бастайтын әлеуметтік қызмет деп түсінді» дейді Махамбет туралы.
Махамбет қана емес, ақынмын деген қай азаматтың да азаматтық ұстанымы осы өреден табылуға тиіс дей берсек, кешегі совет кезеңіндегі идеологияның ұртоқпағы болған, сөйтіп, жұртты «оңға» бастаған қаламгерлердің шығармашылығы кесе көлденең тұра қалатыны бар. Ойната білсе қандай қамалды да қақырата сөгуге құдіреті еркін жететін сөздің - ең алдымен, өнер екендігін естен шығарып алған сәттен бастап, ол жай ғана білектінің қолындағы қолшоқпарға айналады. Білектен қайрат кеткен күні - адыра! Ақынның азаматтық үні жып-жылы жүрекпен үндесіп, ып-ыстық қайратпен біте қайнасып жатқанда ғана мәңгілікпен шендеседі. Ал, жиылған алқаның «әп, бәрекелдісіне» малданып, ырғақ қуып, сұлу сөзді оңды-солды сапыра беру - толыққанды өнер емес. Ол да сол жиынмен бірге ыстығы тез тарап кететін бір сәттік алдамшы әсер ғана. Ертеңі тұрыпты, бүгінінің өзі күмәнді.
Ұрпағына далиып жатқан дала мен сол далада шашылып жатқан сөз қалдырған, «мал бағып, мақал шығарудан өзгені білмеген» (Ә. Кекілбаев) қазақ «өзге жұрттан сөзі ұзын» қасиетінен арылды деп айта алармыз ба бүгін? Ара-тұра деу аздық етеді, жиі-жиі үкіметтің адресін «бомбалап» жататын халықтың көзі, құлағы һәм тілі қызметінде жүрген ел сөзін сөйлер қалаулылар ұйымдастыратын және ылғи да жауапсыз қалатын өтініштер мен ашық хаттардың әсер күшін салмақтап жатқан кім бар? Жоғарыға әсер етпеген сөзімізді біз қай тарапқа бағыттап жүрміз осы?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жазушылар шабылып жүріп президентпен кездесу ұйымдастырыпты. Мақсат о бастан белгілі - ел жайы, қалам ұстаған жұрттың мұң-мұқтажы. Бұл кездесуге қатысуға жасы бар, жасамысы бар, қара сақал, ақсақалы бар - біраз қаламгер мүмкіндік алыпты. «Аға тұрып іні сөйлегеннен без» қағидасын негізге алсақ, алдыңғы толқын келістіріп айтса, кейінгі толқын бірауыздан «рас, рас»-тап желпініп отырса... Төреңіз астындағы атын түсіп бермес пе! Ойлағандай болмады дейді Мұхтар Мағауин. Сөзінің әлқиссасын: «Елеп-ескеріп, қабылдағаныңызға рахмет», - деп бастап, негізін: «Сіздің арқаңызда кемшіліктер қарқынды түрде түзеліп келеді», - деп бір қайырып, соңын: «Осындай емен-жарқын отырыс ұйымдастыруға мүмкіндік бергеніңіз үшін алғыс айтамыз», - деп түйіндепті сөз алғандар (сөйлеуге қолы жеткендер) бір ауыздан. «Анау жетпейді, мынау жоқ», - деп, араға ши жүгіртіп, жарасымды отырыстың шырқын бұзбақ болғандарды президент емес, алдыңғы қатарда отырған көпті көрген кәрі тарландар-ақ тыйып тастапты. Қызық... Президент не ойлады екен?..
Мадақ, мадақ! Мақсат қайда қалды? Жиреншелік өнер тек аңыз ғана болғаны ғой. Сірә, Жәнібектей иі жұмсақ, бір ауыз сөзге жығыла кетер патшаны армандап қана Жиреншені ойлап таптық па екен... Бітпейтін жиын мен жойдасыз көп жиналыстар, онда айтылатын ұбақ-шұбақ жарыс сөздер мен аяғына жеткенше есінеуден жағың талатын ұзын-сонар баяндамаларды залда отырғандардың көпшілігі «атым аталып қалмас па екен» деп қана тыңдап отырғандай әсер қалдырады. Атына қанша сын айтылса да, мінімді түзейін деген бір жанды көрдіңіз бе? Ашық кеткендері ат құйрығын кесісіп, кетісіп тынбақ. Жүйкесі беріктері кеңдік танытқан болып, «есепке ілінбесең - өсекке ілінбейсің» дегеннен жұбаныш таппақ. Не ұттық? Уақыт - зая, сөз - шығын. Тапқанымыз сол ғана екен. Бір кездері сүйектен өтеді деп, сөзге қалудан қорқатын ел едік, бүгін... Селт етпейтін болыппыз.
Ал, мақтау мен мадақтың әсер күші артпаса кеми қойған жоқ. Асыра сілтеп жіберетініміз болмаса, бұл тарапқа өкпе артар ретіміз жоқ. Қазақстандағы қай оқу орнына бас сұқпаңыз - Қазақ білімі мен ғылымының (өнерінің) қара шаңырағы! Қара шаңырақ - киелі ұғым ғой. Ал, бізге жұрттан кем соқпасақ болды: Қалай сапырсаң да сарқылмайтын қызыл қырман сөзіміз шүкіршілік айтайық, бұл тарапта қиындық туғызбайды. Айтылмай жүрген жайт емес, әйтсе де, осы мәселеде айналып өтуге болмайтын бір мәселе: ұлылардан тау тұрғызып алған қазақ руханияты. Ұлылықты Құдаймен өлшеуші едік. Абаймен өлшеген де жарасып тұратын. Әуезовке тіркесең де құлаққа жағып сала беретін. Қазір Абайға басқа бір мәндірек тіркес іздеу керек болатын шығар, сірә. Университетте дәріс оқыған қатардағы мұғаліміміздің мерейтойына немесе еске алу кешінде сөз алғанда қызды-қыздымен «ұлы ұстаз» деп саламыз. «Ұлтына ұстаз болған» дегеннен мән тайғалы қашан. Ұлылардан тау тұрғызып жүрген басымыз, көрнекті қаламгерге тұншығып өлер күйге жеттік. Ғұлама ғалымның да әтуері кетіп болды. Бәлкім, өзіміз бәкене болған соң, бәрі биік көріне бере ме екен деп кешіріммен қарауға да болар еді. Бірақ, соншама жауапты сөзді немқұрайды ғана айтып тұрғанымыз тағы рас. Әлде, күні ертең өзіміз қисая кетсек, әлдекімдер ұлылар мен ғұламалардың тізіміне тіркеймін деп жатса, қиындық туғызбасын дейміз бе...
Мұның бәрінің түйіні біреу ғана: Сөздің жауапкершілігі. Сезінбейді екенбіз. Бәленше ақын былай депті, Түгенше бидің тапқырлығы дегендеріңіз «білген соң айтамыз да» демесеңіз, бұл күнде біреу-міреуге бас изетіп, таңдай қаққызуға жарай қояды дей алмаймын. «Подружкамның тойы еді, соған тост сөйлегенде айтатын тілек жазып берші. Кішкене тақпақ (?) қосып...» деп қарап тұратын замандастарымның обалы кімге? Тобырды ертіп әкетуге еркі жетпей, солардың ығына жығылумен жүріп жеткен жерімізді қараңыз...
Алмас Нүсіп