Сөз қалса екен артымда көмілмеген - Қытайдағы белгілі айтыскер ақын Қ. Зейтінғазыұлы

өз ортасында айтыс мектебін қалыптастырып үлгерген жыр дүлдүлімен болған орайы келген сұхбатты ұсынып отырмыз.
- Айтыс сахнасында ұзақ жылдар бойы өлең-жырдың қазынасын ақтарып, халықтың жүрегіне ұялаған ақын ретінде өзіңізді танытқан айтыс өнері туралы не айтар едіңіз?
- Ақындар айтысы - қазақты әлемдік сахнада биіктетіп көрсете алатындай, қанына сіңген дәстүрлі өнер жауһары. Суырып салма ақындар мен төкпе жыраулардың қалың қауым алдындағы өнер бәсекесі. Ұлы Абайдың «туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп жырлағанындай, қазақ арасында кең өріс алған айтыс баланың дүниеге келген шілдехана тойынан бастап қалың қауымның ұлттық мерекесі мен салтанат құрған қуаныш тойының бәрінде өткізіліп отырған.
- Ақындық дарын дегенді қалай түсінесіз, табиғаттың сізге сыйлаған еншісі ме, жоқ әлде жүре қалыптасқан қасиет пе?
- Әрқандай бір өнер адамы бұрынғы өткен ұлылардан үлгі алған, содан әрі дарынын шыңдап, өнерін дамытқан, ал бұдан басқа «балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, ұрпақ тәрбиесінде ата-ананың алатын орны өз алдына бір төбе. Менің әкем де, шешем де ақын болған адамдар. Сол кісілердің тәрбиесінде жүріп ақыл-кеңесін алып ержеттім. Ақындық өнер ата-анамның маған қалдырған сарқыты шығар.
- Неше жасыңызда өлең есігін аштыңыз, алғашқы айтылған өлең шумақтары есіңізде ме?
- Шешемнің айтуынша, бала кезімде ауылдағы тойлардың бірінде айтысқа түсіппін, ол енді есте жоқ. Ал, мына бір қызық жағдай әлі есімде, асыр салған ойын баласы сегіз жасар кезім, үйді төңіректеп шықпайтын жемқор ақ серкеш менің есікті ашық тастап кеткен орайымды күтіп үйге кіріп, ыдыс-аяқтың біразын қиратып кетіпті. Шешем маған ұрсып жатыр. Сонда мен ақ серкешке:
«Ақ серкеш бұл өнерді таптың қайдан,
Дәндепсің жарма менен ақ бидайдан.
Базар алыс, ақшасы жоқ заманда,
Құтырып шыныаяқты шақтың қайдан», -
десем әкем тұрып: «Ой, кемпір, шының шағылса шағылсын, ұлың ақын болады екен», - деп араға түскені бар. Ал газет беттерінде 1956-1958 жылдары мектепте оқып жүргенде өлеңдерім басылып тұрды.
- Сіздің ертеректегі Жамалхан Қарабатырқызымен болған бәсекелеріңізде жұмбақ айтыс көп кезігеді. Қазіргі айтыс сахнасында бұл неге жоқ?
- Жұмбақ айтыс - айтыс өнерінің бір тармағы. Бұрынғы өткен ақындардан Әсет пен Біржанның айтыстарында көп ұшырайды. Қазіргі кезде бұны дамытып сахнаға қайта көтеру орынды болар. Дегенмен оны ақындардың танымдық өресі белгілеп отыр. Жұмбақты қара сөзбен шешудің өзі қиын. Ал оны айтыс үстінде өлеңге айналдыру тағы бір мәселе. Қазіргі сахналық айтыстардың уақыты да шектеулі ғой.
- Ұлы дүбірлі айтыс сахнасында алғаш халықпен жүздесуіңіз қай жылдары болды?
- Бір мезет бұрмаланған солақай саясаттың салқыны тиіп, соның кесірінен жалынды жастық пен алаулаған шабыттың дер шағында біраз өміріміз желге ұшты. Шағын жиын-тойлардағы айтыстарды айтпағанда, Қытайдағы қазақ ақындарының барлығы жиналған аламан айтыстың алғаш бәйгесіне 1977 жылдан бастап қатыстым. Міне, содан әзірге дейін халықтың арасында ел жүктеген өз парызымды хал-қадарымша өтеп келемін.
- Қытай қазақтарынан сіздің атыңызды білмейтін адам жоқ көрінеді. Ал шет елдерге өнер сапарымен шыға алдыңыз ба ?
- Алғаш рет 1991 жылғы қарашада Қазақстан Республикасында, 1992 жылы Қытай Шынжаң қазақ көркемөнер үйірмесінің құрамында Түркиянаң Ыстамбұл, Анкара, Измир қалаларындағы қандастарымыздың арасында болдым. Ал 1994-1996 жылдары Моңғолияға екі рет өнер сапарымен барып қайттым. Соңғы рет 2006 жылы Шынжаң қазақ көркемөнер үйірмесімен бірге Еуропа елдерінде, яғни Алмания, Франция, Голландия мемлекеттерін аралап, ондағы елдің жылы қабылдауына ие болдық. Қандастарымызға аталары туған асыл мекеннің ыстық сәлемін жеткіздік.
- Айтыс еңбектеріңіз жинақталып жеке кітап болып басылды ма?
- «Шынжаң халық» баспасы шығарған көп томдық «Ақындар айтысы» кітабының бірінші томы менің айтыстарыма арналған. Бүгінге дейін бұдан басқа да бірнеше кітаптар жарық көрді. 1981 жылғы Мейрамхан Мешелқызымен, 1985 жылғы Жамалхан Қарабатырқызымен болған айтыстарым бұл жақтағы мектеп оқулықтарына енгізіліп отыр. Жамалханмен болған айтысым қытай тіліне де аударылып шықты. Осы жерде бір айта кететін дүние, алдағы күндері біз ақындар айтысын әлемдік деңгейге көтереміз десек, өзге тілдерге көркем аудармасын жасауды қолға алуымыз керек.
- Шынжаң қазақтарының арасындағы ақындар айтысының жалпы жағдайына тоқталсаңыз?
- Ақындар айтысы мұнда кең етек алған. Айтысқа деген халықтың құрметі мен ықыласы зор. Облыс, аймақ, аудан көлемінде бүгінге дейін сан мәрте ақындар айтысы өткізілді. Әр кезекте ұлттық дәстүрді жаңғырта отырып, дала сахнасында 200 - 300 киіз үй тігіліп, 20-30 мың көрермені болған айтыстар өтсе, ал бүгінгі күні қаланың сарайлары да айтыс тойының жиі өтетін орнына айналды. Алдағы міндет білікті жастарды жетілдіріп шығу. Осы мақсатпен бірнеше қала орталықтарында айтыс мектебі ашылған. Міне, содан қанаттанған жастардың алды қазір қоғамда белді ақындарға айналып үлгерді. Қытайда студенттердің тегін оқуы деген атымен жоқ, тек осы айтыс мектебіне барған түлектерге ғана жергілікті орын ақша бөліп отыр. Біздің соңғы буын ақындарымыздың айтыстағы бой түзеуіне тағы бір жағынан, Қазақстандағы айтыс ақындарының өрелі жырлары оң ықпалын жасамай қалған жоқ. Ол жақтағы ақындар бізге жиі келіп, халыққа жақсы жырларын сыйлап қайтып жүр. Алғаш рет айтыстың ақберені марқұм Оразалы мен Айнұр келген еді, олар менің шаңырағымнан дәм татып аттанған. Қазақстанда халықаралық ақындар айтыс өтіп шақырып жатса, бізде аламанға ұялмай қосатындай жас ақындарымыз даяр.
- Өміріңізді өлеңге арнап жүріп, Алла қаласа жетпіске де кеп қалдыңыз, өнеріңізді ұлықтайтын халық алпысыңызда кезеңнен күтіп дүбірлі той жасап берген екен. Халыққа не айтар едіңіз?
- Мағыналы өтсе екен өмір деген,
Құр аунамай қаңбақтай жел үрлеген.
Жер бесігі денемді құндақтаса,
Сөз қалса екен артымда көмілмеген.
өмір - өр, көңілі - көл жарқын елім,
қарыздар емес саған қай түлегің?
Қабыл ал ақтарылған жүрегімді,
өлең емес басымды бәй тігемін!
Менің ел алдында өтелмеген борышым әлі де көп деп ойлаймын. Халқым төбесіне көтеріп үкілеп жатуы менің ең үлкен бақытым. Мен халықпен ғана ақынмын.
(Айтыскер ақын Құрманбек Зейтінқазыұлы 1940 жылы ҚХР Шыңжаң өлкесі Алтай аймағы Шіңгіл ауданында дүниеге келген. Ақын Іле қазақ автономиялы облыстық ауыз әдебиеті қоғамының, Алтай аймақтық әдебиет-көркемөнер қоғамының құрметті төрағасы. Қытай мемлекеттік ауыз әдебиеті қоғамының, мемлекеттік саны аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының мүшесі. Ақын мәдениетке қосқан еселі еңбегі үшін ел, өлке көлемінде сан мәрте марапатталған).